Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атом агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажет екенін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты. Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн. Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек, - деп баса айтты Тоқаев.
Президент былтыр диқандарымыз мол астық жинағанын, бірақ бидай бағасы тым арзандап кеткенін еске салды.
Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл – уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек, - деп тапсырды Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.