Тоқаев Жақсылық Үшкемпіровтің отбасына көңіл айтты

2 Тамыз 2020, 18:38
1815
Бөлісу:
Тоқаев Жақсылық Үшкемпіровтің отбасына көңіл айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы даңқты палуан, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің отбасына көңіл айтты. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемге танымал даңқты палуан, Олимпиада чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі кәсіпкер Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіровтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.

Жақсылық Әмірәліұлы елімізде спорт саласының кең қанат жаюына атсалысты және жастарға үлгі болды. Өңірлерді өркендету мақсатында спорт кешендерін салып, жас спортшылардың өсіп-жетілуі және ауыл шаруашылығының дамуы жолында қыруар іс атқарды. Еселі еңбегімен, азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленіп, соңында өшпес із қалдырды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын, - делінген жеделхатта. 
Бүгін Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің қайтыс болғаны белгілі болды. 

Бүгін кешкі сағат 20:00-де Qazaqstan ұлттық телеарнасынан Қазақстанның Еңбек Ері, грек-рим күресінің палуаны, Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы баяндайтын "Жақсылық" көркем фильмі көрсетіледі.

Мәдениет және спорт министрі Жақсылық Үшкемпіровтің отбасына көңіл айтты. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әйгілі спортшының қазасы – бүкіл әлем спорты үшін ауыр қайғы болғанын айтты.
Өзгелердің жаңалығы