Тоқаев: Кейінгі 30 жылда болмаған конституциялық реформалар жасалды

 Ақорда 24 Қыркүйек 2026, 11:31
24 Қыркүйек 2026, 11:31
185
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет өміріндегі бұл маңызды үдеріс осыдан тура бір жыл бұрын басталды, мұны сіздер жақсы білесіздер. Мен былтырғы халыққа Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Аталған ұсыныс қоғамымызда қызу әрі кең ауқымда талқыланды. Ел ішінде ашық, шынайы пікірталас болды, - деп атап өтті Президент.

Айтуынша, азаматтар  тарапынан мыңдаған ұсыныстар, ой-пікірлер айтылған.

Осылайша, талқылаудың соңы кейінгі 30 жылда болмаған мазмұны терең конституциялық реформаға ұласты. Биыл 15 наурызда жалпыұлттық референдум арқылы тұтас елімізді өрлеу дәуіріне бастайтын қастерлі құжатты – Конституциямызды қабылдадық. Бұл маңызды тарихи оқиға халықаралық қауымдастық тарапынан зор ықылас пен қызығушылық туғызды. Өйткені қазіргідей бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде жаңа Конституцияның қабылдануы бүкіл дүние жүзі тарихында өте сирек кездесетін жағдай деп айтуға болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол бұл бірегей саяси оқиға ретінде бағаланғанын айтты.

Беделді саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанның бұл қадамын шын мәнінде бірегей саяси оқиға деп бағалап, мұны батылдық пен жасампаздықтың жарқын көрінісі ретінде мойындау қажет екенін бірауыздан айтуда, - деді Мемлекет басшысы.

Наверх