Тоқаев: Келесі жылы Ассамблеяның отыз жылдығын атап өтеміз

25 Сәуір 2024, 11:54
423
Бөлісу:
Тоқаев: Келесі жылы Ассамблеяның отыз жылдығын атап өтеміз
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясындағы сөзі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Достық үйлері жалпыұлттық ықпалдастық үшін қажетті орталыққа әрі барлық аймақта Ассамблеяның ауқымды бастамаларын жүзеге асыратын сенімді орынға айналды. Олар әлеуметтік маңызы бар жүзден астам жобаны іске асыруға ұйытқы болды. Алайда Достық үйінің қызметін жетілдіріп, күшейте түсу мәселесін ойластырған жөн. Олар қоғамдық кездесулер мен талқылаулар өтетін және тың бастамалар мен идеялар туындайтын комьюнити-орталыққа айналуға тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Ол Достық үйі этномәдени бірлестіктер бас қосатын орын ғана болып қалмауы керектігін айтты.

 Сонымен бірге ол жергілікті қоғамдастықтардың дамуына жол ашып, тірек болатын, бірлік, жасампаздық, өрлеу сияқты құндылықтарды дәріптейтін орталық болуы қажет. Біз келесі жылы Ассамблеяның отыз жылдығын атап өтеміз. Бұл құрылым өзін этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында сындарлы саясат жүргізе алатын тиімді құрал ретінде танытты. Ассамблея бірегей азаматтық институт ретінде өзара құрмет пен сенімнің қоғамда орныға түсуіне зор үлес қосып келеді. Біз алдағы мерейлі белесті Ассамблея қызметін халыққа түсіндіріп, насихаттауға және азаматтарды ел бірлігін нығайту жолындағы ауқымды жұмысқа жұмылдыруға ұтымды пайдаланамыз, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ол Үкімет Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарын әзірлейтінін тілге тиек етті. 

Мемлекеттік органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ғылым және мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері қатысатын осы іс-шараның бәрі іскерлік сипатта болуға тиіс. Жоспарда біздің «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамызды паш ететін іс-шаралар мен әлеуметтік сипаттағы жобалардың барлығы өзара үйлесім табуы керек. Мен мемлекеттік саясат пен қоғамдық қызметтің этносаралық қатынас саласына қатысты негізгі міндеттерін атап өттім. Соның бәрі біздің күнделікті жұмысымызға арқау болуы керек, - деді Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы