Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тоқаев Иранмен бірлесе дамытуға болатын салаларды атады

Бөлісу:
 Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкиан шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент атап өткендей, Қазақстан мен Иранның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 33 жылдан асты.

Осы кезеңде тығыз мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Сындарлы саяси диалог құрдық, Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқарып жатыр, парламентаралық байланыс жолға қойылды. Сонымен қатар ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасып, 50-ден астам келісім жасалды. Халықаралық ұйымдар арасында ықпалдасымыз жалғасып жатыр. Бұл дәстүрлі достық пен әріптестігіміздің айқын дәлелі екені сөзсіз, - деді Тоқаев кездесуде.

Мемлекет басшысы Иран халықаралық беделі зор мемлекет екенін атап өтті.

Әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеті күшейіп келеді. Сіздің және ел басшылығының қажырлы еңбегі мен салиқалы саясатының арқасында мемлекеттеріміз елеулі табыстарға қол жеткізді. Біз Иранның өркендей беруіне тілектеспіз, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықтың болашағы өте зор екеніне тоқталды. Сөзінше, сауда-экономика саласындағы ықпалдастықтың орны ерекше.

Өзара тауар айналымы жылдан-жылға артып келе жатыр. Дегенмен сауда-саттықты әртараптандыруды ойластыру керек. Әсіресе ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен өндірісі, медицина және озық технологиялар саласындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет. Мәдени байланыстың да мән-мағынасы зор. Иранның мұрағаттарында қазақ тарихына қатысты көптеген жәдігер сақталған. Ғалымдарымыз әл-Фараби мұрасын бірлесе зерттеуді қолға алды. Қазақ жерінде ұлы ойшылға арналған тарихи-мәдени кешен салу мәселесі қарастырылып жатыр, - деді Президент.

Тоқаев кездесуде Қазақстан тарихына қатысты бірқатар құнды, ескі қолжазбаның көшірмесін ала келген Иран делегациясына алғысын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы