Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысында қазақтардың қандай екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда ауызбіршіліктің қадірі арта түскені сөзсіз. Бейбітшілік пен тұрақтылық – тағдырдың бізге бере салған сыйы емес. Бұл – бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің жемісі. Біз сындарлы сәтте жұрт болып жұмыла білеміз, - деді Президент.
Тоқаев Ақтаудағы ұшақ апатын мысалға келтірді.
Бұған былтыр Ақтау маңында ұшақ апаты болғанда тағы бір мәрте көзіміз жетті. Азаматтарымыз зардап шеккен адамдардан көмегін аяған жоқ. Кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан Елшілігіне барып, гүл шоқтарын қойды. Бүкіл әлем халқымыздың ұйымшылдығы мен жанашырлығына тәнті болды. Халқымыздың жүрегі – кең, пейілі – ақ, ниеті – таза. Мейірімділік, қамқорлық және тілеулестік – біздің ұлттық ерекшелігіміз. Біз осы құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек, - деп қоса кетті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА отырысында.