Тоқаев ғылым мен білімге басымдық беруді талап етті

Президент ғылымды экономикамен байланыстыруды тапсырды және зияткер ұрпақ тәрбиелеуде мемлекет пен ата-ананың жауапкершілігін атап өтті.

 Ақорданың баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 13:18
Бүгiн 2026, 13:18
147
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеп, ғылымды дамыту мен зияткер ұрпақ тәрбиелеудің маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің айтуынша, ғылымды қолдау және ғалымдарға құрмет көрсету – қоғамда еңбекқорлық, білімпаздық пен жасампаздық құндылықтарды нығайтудың басты шарты.

Халқымыздың ойы озық болса, өскелең ұрпақтың да ғылым-білімге деген ықыласы айрықша болары анық. Зерделі әрі зияткер ұрпақ тәрбиелеу – баршаға ортақ парыз. Оған мемлекет те, ата-аналар да бірдей жауапты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы білімге инвестиция салудың маңызын атап өтіп, «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл жүйе ата-аналарға балалардың болашақта сапалы білім алуына қаражат жинауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда 200 мыңға жуық азамат арнайы есепшот ашқан. Президент бұл бастаманы болашаққа салынған ең тиімді инвестиция деп бағалады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның нақты нәтижеге бағытталуы қажет екенін айтты.

Ғалымдарымыз ашқан жаңалықтар зертханалар аясында қалып қоймауы керек. Нақты нәтиже беретін, өндіріске енгізуге болатын жобаларды жүзеге асыру қажет. Бір сөзбен, ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс, – деді Президент.

Ол бұл бағыт Үкіметтің тұрақты назарында болуы керектігін атап өтті.

Мемлекет басшысы әлемдегі жетекші технологиялық компаниялар тәжірибесіне тоқталып, олардың білім мен ғылымға басымдық беретінін, сондай-ақ ғылыми жаңалықтарды өндіріске жедел енгізетінін айтты. Президенттің сөзінше, адам капиталы – мұндай компаниялардың басты күші, ал технология мен инновация – дамудың негізгі шарты.

Наверх