Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Стуббты Финляндия Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Мемлекет басшысы президент сайлауында жеңіске жеткен Александр Стуббқа құттықтау жеделхатын жолдады.
Сайлаудағы жеңісіңіз халқыңыздың Сізге деген сенімін білдіреді, сондай-ақ Сіздің перспективті бағдарламаңыз бен мол саяси тәжірибеңізді қолдайтынын көрсетеді. Финляндия өзіңіздің басшылығыңызбен қарқынды дамуын жалғастырып, өркендей беретініне сенімдімін. Біз Финляндиямен арадағы достыққа және өзара құрметке негізделген берік қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Екі елдің игілігі жолындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, екіжақты ықпалдастықтың әлеуетін пайдалану үшін Сізбен және фин үкіметімен тығыз байланыс жасаймыз деп сенемін, – делінген жеделхатта.