Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммиті аясында Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельмен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельге ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестікке баса мән беретінін атап өтті.
Еліміздің Еуропалық Одақпен жасаған Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімі берік қарым-қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашты.
Бүгінде ЕуроОдақ – Қазақстанның жетекші сауда серіктесі және экономикамыздың ең ірі инвесторы. Өз кезегінде Шарль Мишель ЕуроОдақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бірлесе жұмыс істеу керек екенін атап өтті.
Сондай-ақ олар жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері мен Еуропалық Одақ басшыларының екінші кездесуіне қатысу үшін Шолпан-Ата (Қырғызстан) қаласына жұмыс сапарымен барды.