Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан президентіне 2019 жылдың бірінші жартыжылдығындағы елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәлімет берілді.
"Қасым-Жомарт Тоқаев Алтай Көлгіновке қаладағы салынып жатқан құрылыс нысандарының қарқынын күшейту, қолжетімді баспана салу, инвестиция тарту ісін жандандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тұрмысын жақсарту үшін бірқатар тапсырма берді", - делінген хабарламада.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов кезекті рет проблемалы нысандардың бірі саналатын «Гарант» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңына барып, қадағалап қайтқаны хабарланған болатын.