Тоқаев Досаевты қабылдады

2 Қазан 2019, 19:56
1648
Бөлісу:
Тоқаев Досаевты қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Мемлекет басшысына Ұлттық банк қызметінің және еліміздегі қаржы нарығының соңғы 9 айдағы жағдайы, инфляцияны нысаналы дәліз шеңберінде сақтау, экономиканы кредиттеудің сапалы өсуін қамтамасыз ету туралы баяндалды. Сонымен қатар жеңілдікпен несиелеу бағдарламаларын іске асыру шаралары, екінші деңгейлі банктер активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау жөнінде мәлімет берді" - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Е. Досаев Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы жайына да тоқталды. Атап айтқанда, Ұлттық банк төрағасы Президенттің қиын жағдайға тап болған азаматтардың тұтыну кредиттері бойынша қарыздарын кешіру, айыппұлдар мен өсімпұлдарды қысқарту жөніндегі тапсырмасы бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы айтты.

Президент Ұлттық банк төрағасына қаржы секторындағы жұмыстарды тиімді үйлестіруді тапсырды.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады.

Мемлекет басшысына әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау мақсатында ашылған «Жанұя» орталығының жұмысы, енді салынатын иппотерапия және екі бірдей оңалту орталығы жайында баяндалды.

Қазақстан Президентінің үй кезегінде тұрған азаматтарды, оның ішінде аз қамтылған отбасыларды, жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамту мақсатында қолжетімді баспана құрылысын арттыру туралы тапсырмасының орындалу барысы жайында есеп берілді.

Елорда әкімі үлескерлік проблемалы құрылыстар жайы, қала шетіндегі ауыл-аймақтарды дамыту мәселесі алдағы 3 жылдық бюджетте қарастырылғанын атап өтіп, қаланы газбен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы жеткізді.

Қаланы абаттандыру бойынша есептен белгілі болғандай, ескі алаңның аумағынан бастап шаһардың екі жағын қосатын жаяу жүргіншілерге ыңғайлы жол төселеді. Жалпы жаяу жүргіншілерге ыңғайлы 80 шақырым жол төселіп, алдағы 3 жылда 100 шақырымнан астам веложол салынады.

Сумен қамту жұмыстарын жетілдіру үшін атқарылатын шаралар туралы да айтылды.

Қала әкімі шаруашылықпен қатар мегаполистің мәдени өмірі бойынша да жоспарлармен бөлісті. Нұр-Сұлтан қаласында Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Абай әлемі» орталығы бой көтереді. Сонымен қатар Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойларына байланысты қоладан құйылған «Үш арыс» ескерткіші орнатылады.

Мемлекет басшысы қаланы одан әрі дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Өзгелердің жаңалығы