Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтар мен гранттар тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Баршаңызды бүгінгі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын! Үздік журналистерді марапаттау шарасында Сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Көпшілігіңізді сырттай танимын. Мақалаларыңызды оқып тұрамын. Еліміздің журналистика саласына жас мамандардың келіп жатқаны – өте жақсы үрдіс. Жазу стилі – ерекше, еркін, батыл, ұстанымы ашық тілшілер бұл кәсіпті жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, - деді ол.
Оның айтуынша, бұл мейрам Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні болып белгіленді.
Отандық медиа жаңа кезеңге қадам басты. Қазір ақпарат тарату жылдамдығы, оның мазмұны, құралы – бәрі өте тез өзгеріп жатыр. Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп хакім Абай айтпақшы, журналистің осы өзгерістерге бейімделуі өте маңызды. Кеше ғана дәстүрлі және жаңа медианың бәсекесі туралы сөз қозғалушы еді. Ал бүгін сол сайттарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер, платформалар ақпарат алаңынан ығыстырып жатыр. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Үкімет те, медиа менеджерлер де осы өзгерістерге дайын болуы қажет, - деді президент.
Оның айтуынша, әр заманның айтар сөзі, көздеген мақсаты болады.
Қалам ұстаған қауым жеке басының немесе бір топтың емес, елдің мәселесін көтереді. Бұл – өткен ғасырда «Қазақ» газетінің аясында ұйысқан Алаш зиялыларынан бастау алған ұлы миссия. Осы міндетті абыроймен атқару үшін әр журналистің бойында ізденімпаздық, жауапкершілік және табандылық болуы қажет. Себебі ақиқат жолы – оңай жол емес. Ал журналисттің ақиқаттан айнуға құқығы жоқ. Шындық пен шынайылық басты қағида болуы керек. Яғни, ақпарат арнасы адалдық алаңына айналуға тиіс, - деді Тоқаев.
Сондай-ақ ол бүгінде еліміз дамудың жаңа кезеңіне көшткенін айтты.
Соңғы бір жылда қолға алынған реформалар саяси жүйені жетілдіріп, тың өзгерістерге жол ашты. Мемлекет, медиа және қоғам арасындағы келісім Әділетті Қазақстанның берік іргетасына айналуға тиіс. Бұл келісім ашықтық, сенім және адалдық қағидаларына негізделуі қажет. Әр азамат, әр маман өз ісіне адал болса, қоғамның сенімі артады. Ал сенім мен адалдық – Әділетті қоғамның басты құндылықтары. Мемлекет саяси реформалар аясында сөз бостандығын қорғау үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр. Азаматтардың ақпаратты еркін алуы, пікірін ашық жеткізуі, ой еркіндігі – Әділетті Қазақстанның айқын көрінісі, - деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, елімізде қаламын қаруына айналдырған тілшілер аз емес.
Кейде олардың жазған мақаласынан, дайындаған репортажынан кейін өзекті мәселелер жедел түрде шешімін тауып жатады. Ондай тілшілерді Адал азаматтар десек, артық болмайды. Мен бұл туралы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айттым. Сондай-ақ жалған, фейк ақпарат таратып, жұртты дүрліктіретін адамдар да бар. Журналистер әрдайым төтенше оқиғалардың алдыңғы шебінде жүреді. Олар пандемия кезінде, Қостанай, Абай облыстарындағы табиғат апаты болған кезде жедел ақпарат таратты. Кейде жеке басына қауіп төнсе де, елге хабар жеткізді. Бұл – патриотизмнің, кәсіпке адалдықтың шынайы көрінісі, - деді ол.
Оның сөзінше, біз елімізді өркендету үшін ауқымды шараларды қолға алдық.
Әрине, атқаратын жұмыс, еңсеретін кедергі аз емес. Дегенмен осы жұмысты, оның нәтижесін халыққа сауатты әрі уақытылы түсіндіру маңызды. Сонымен қатар азаматтардың көкейінде жүрген өзекті мәселені, түрлі түйткілді билікке жеткізу де – тілші қауымның міндеті. Осылайша, біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыра аламыз. Сондықтан халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған медиа саласының мамандарына зор жауапкершілік жүктеледі, - деді президент.
Президенттің сөзінше, бүгінде Қазақстан Орталық Азия аймағында көшбасшы мемлекетке айналды.
Біз көптеген салалар бойынша алда келеміз. Бірақ тоқмейілсіп отыруға болмайды. Біз бір ел болып табанды еңбек етуіміз керек. Қазақстан озық елдермен қатар тұратын бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуы қажет. Осы міндетті жүзеге асыру жолында сіздердің, яғни журналистердің рөлі айрықша. Медиамамандары халыққа шынайы ақпарат беріп, еліміздегі ахуалды азаматтарға жан-жақты түсіндіріп отыруы керек. Бұл – аса маңызды міндет. Қазір отандық ақпарат құралдарының халықаралық деңгейде белсенділік танытатын кезі келді. Аталған міндетті іске асыру үшін жаңа медиа менеджмент, шетелден ақпарат тарататын білікті журналистер, тың технология және сапалы инфрақұрылым қажет. Бұл – уақыт талабы. Оны орындауымыз шарт, - деді ол.
Ол осы ретте әлемдік медиа корпорациялардың оң тәжірибесін ескерген жөн екеніне тоқталды.
Халқымыз «Кемедегінің жаны бір» дейді. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Еліміздің өсіп-өркендеуі тек Үкіметке немесе жалпы билікке байланысты емес. Мемлекетіміздің дамуына әр азаматтың үлес қосуы аса маңызды. Бұл – өте қарапайым әрі өзекті формула. Сондықтан тілші қауымның да, қатардағы азаматтың да, Президенттің де мақсаты – ортақ, мүддесі – бір деп ойлаймын. Бұл – тәуелсіздігімізді нығайту, елімізді көркейту. Осы міндетті жүзеге асыру үшін елімізге адал еңбек ету – парыз!, - деді Тоқаев.