Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында жауап берді.
Сұхбат барысында Президент еліміздегі кадр тапшылығына тоқталды. Шетелдегі отандастарымызды Қазақстанға шақыру туралы пікірін білдірді.
Расында шетелде жүрген білікті мамандарымыз аз емес. Бұл үшін ешкімді айыптауға болмайды. Қазір – жаһандану заманы. Адам қай жерде сұранысқа ие болса, сол жерге барып жұмыс істеуге қақы бар. Оған ешкім кедергі жасамайды. Біз өз саласында табысқа жеткен азаматтарды бұған дейін де шақырғанбыз. Елге қайтып келген отандастарымыз да бар. Бірақ шындығын айтуымыз керек, елімізге білімі жоғары, парасатты адамдар керек. Жалпы, адами капитал жоғары болуы қажет. Жалпақ тілмен айтсақ, Отанымызға келген адамдардың сапасы неғұрлым жоғары болса, елімізге соғұрлым тиімді болады, - деді Президент.
Сонымен қатар еңбекқорлық пен біліктілік идеологиясының құндылығына тоқталды.
Жалпы, бәріміз еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеруіміз керек. Ұлтымыз дүние жүзінде, ең алдымен, еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде мойындалатын болса, бұл экономикамызға оң әсер етеді. Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет. Сонда ғана Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы іске асады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев