Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өңірлері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою қажет екенін айтты. Астанадағы тамыз конференциясында Мемлекет басшысы ҰБТ нәтижелерінде бірқатар өңір жоғары көрсеткіш көрсеткенімен, Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы жағдайды жақсарту қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою қажет. Осы тұста Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелеріне тоқталғым келеді. Мәселен, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ал Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы жағдай жақсы деп айту қиын, - деді Президент.
Тоқаев тиісті министрлік пен әкімдік әсіресе Түркістан облысындағы ахуалға назар аударуы керек екенін тапсырды.
PISA ұйымының (2022 жылғы) зерттеуі де Түркістан облысындағы білім сапасының мәз емес екенін көрсетті. Бұл аймақтың оқу-ағарту жүйесінде әлі де олқылықтар бар деген сөз. Бірақ облыстағы жағдайды дағдарыс деп те айтуға болмайды. Мәселе мынада: облыста білім алып жатқан оқушылардың 75%-ға жуығы ауылда тұрады. Олардың жан-жақты әрі қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы керек. Қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тартқан жөн, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында сөйлеген сөзінде Президент бұл Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет екенін жеткізді. Тоқаев жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін Президент «Өрлеу» орталығының жұмысы мардымсыз екенін айтып, мұғалімдерді аттестаттау талаптарын қайта қарауды тапсырды.