Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президентінің стратегиясы туралы пікір білдірді

Қазақстан халықаралық бастамаларға белсенді қатысуға ұмтылады.

 Ақорда Бүгiн 2026, 13:17
Бүгiн 2026, 13:17
148
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық бастамалар мен елдің әлемдік аренадағы рөлі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистің Таяу Шығыстағы қазіргі жағдай аясында Қазақстан халықаралық бастамалардың болашағын қалай көретіні туралы сұрағына жауап берген Мемлекет басшысы әлемдік саясатта прагматикалық тәсілдің маңыздылығын атап өтті. 

Президенттің айтуынша, Қазақстан халықаралық бастамаларға белсенді қатысуға ұмтылады және күрделі жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған идеяларды қолдайды.

– Ең алдымен, Америка Құрама Штаттарының Президентіне құрметім ерекше екенін атап өткім келеді. Оның ақыл-парасатқа негізделген стратегиясы өте дұрыс, құптауға лайық. Бейбітшілік кеңесі туралы бастаманың идеясы, халықаралық күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді шешудегі жаңашыл тәсілдері көңілден шықты. Мұнда әуелі дәстүрлі дипломатия мен ірі бизнестің мүмкіндіктері ұштасады. Бұл қарапайым халыққа, соның ішінде Газа секторының тұрғындарына нақты пайдасын тигізеді. Әлем халқы бітпейтін конференциялардан жалықты. Аталған жиындарда қабылданатын ізгі ниетті қарарларды аздаған адам ғана оқиды. Сол себепті бұл идеяны қолдау қажет деп ойлаймын. Өйткені тың шешімдер ұсынады. Президент Трамп мықты тұлға ретінде әсер қалдырады. Ол – батыл көшбасшы. Таяу Шығыста, соның ішінде Палестинада бейбітшілік орнату мүмкіндігі әлі де бар екеніне кәміл сенемін. Бұл бастама баянды болады деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ұсынылған бастаманың ең күрделі халықаралық мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық тәсілі оның назарын аударғанын атап өтті.

Оның сөзінше, қазіргі әлем көптеген сын-қатерге тап болып отыр. Сондықтан халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жаңа идеялар мен бастамалар өзектілігін сақтайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ көптеген ел әлемдегі жағдайды тұрақтандыруға ықпал ете алатын сындарлы ұсыныстарға мүдделі екенін айтты.

 

 
Наверх