Ақордаға Ресей федерациясының президенті Владимир Путин келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келген Ресей президентін Ақордада қарсы алды.
Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеді. Кейін Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік гимнін орындады.
Әнұран шырқалып болған соң Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, құрмет білдірді.
Еске салайық, сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіледі. Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Ресейдің ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнеконференция режимінде қатысады.
28 қараша күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтеді. Жиында аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелері талқыланады. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылады.