Қазақстанның астанасы Астана халықаралық Numbeo рейтингінде әлемдегі ең қауіпсіз 100 қаланың қатарына енді. Қала бір жыл ішінде бірден 24 сатыға көтеріліп, 105-орыннан 81-орынға тұрақтаған деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Рейтингке сәйкес, Астананың қауіпсіздік индексі 66,7-ден 67,5-ке дейін өсті. Бұл көрсеткіш елорданы қылмыс деңгейі салыстырмалы түрде төмен, ал қалалық ортасы тұрақты әрі жайлы қалалардың қатарына қосты.
Numbeo сарапшылары бағалау кезінде тек ресми қылмыс статистикасын ғана емес, тұрғындардың өзін қаншалықты қауіпсіз сезінетінін, полиция қызметінің тиімділігін, қоғамдық тәртіптің сақталуын, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымның сапасын - көшелердің жарықтандырылуын, қоғамдық кеңістіктер мен көлік жүйесін де ескерген.
Ал Алматы бұл жолы алғашқы жүздікке ене алмады. Оңтүстік астана қауіпсіздік индексі бойынша 46,7 көрсеткішімен 195-орынға жайғасты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өзгермегенімен, рейтингте жоғарылау үшін жеткіліксіз болды.
Айта кетейік, 2025 жылы әлемдегі ең қауіпсіз қалалар қатарында Абу-Даби, Доха және Дубай көш бастады. Жалпы рейтингке 263 қала енген. Қазақстаннан бұл тізімге тек Астана мен Алматы кірді.
Еске салайық, бұған дейін әлемдегі ең ықпалды қалалар тізімі жарияланған еді.