Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі туризмді дамыту, онлайн-платформаларды кеңейту және Қазақстанда демалатын орындардың ТОП-10 тізімі. Осы және өзге де отандық туризмнің бүгіні мен болашағына арналып жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Өркен Бисақаев айтып берді. Бұл туралы Елорда Инфо хабарлады.
«Өткен жылы Үкімет Қазақстан Республикасының Туристификация картасын әзірледі, онда республикалық маңызы бар ТОП-10 нысан және өңірлік маңызы бар ТОП-50 нысан айқындалды. ТОП-10 нысан қатарына Нұр-Сұлтан қаласы, Имантау-Шалқар, Щучинск-Бурабай курорттық аймақтары, Баянауыл, Алакөл көлінің жағалауы (ШҚО, Алматы), Балқаш, Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау мен Түркістан енді. Бұл аймақтардың туризмді дамыту тұрғысынан әлеуеті зор», - деді Өркен Бисақаев.
Бисақаевтың сөзінше, мемлекеттік бағдарламада аталған аймақтарда қажетті инфрақұрылымды дамыту қарастырылатын болады, бұл өз кезегінде туристердің онда болуы үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
«Бұл ретте, ТОП-10 немесе ТОП-50 нысандардың әрқайсысы 100% зерттелмеген. Тіпті, туристер ағымы қалыптасқан Баянауыл, Балқаш, Түркістанда тек бірлі-жарым адамдар ғана білетін жерлер мен нысандар бар. Сондықтан, мемлекеттік бағдарлама аясында бұл нысандарды ел ішінде де, шетелдерде де ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған», - деді Ұлттық компанияның басқарма төрағасы.
Сонымен қатар, Өркен Бисақаев әрбір турист көруі тиіс еліміздің 10 ерекше жерін атап өтті.
«Олар Қайыңды, Бурабай, Бозжыра, Рахман бұлағы, Қорғалжын көлі, Ақтау тауы, әйгілі әнші құмдар, Белуха, Шарын шатқалы, Көлсай және Индер көлдері», - деді Бисақаев.
Одан бөлек, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басшысы сұхбат барысында Қазақстанда ішкі және келу туризмін дамыту мәселесін қозғады.
Сондай-ақ, жергілікті туристік ортаның имиджін қалыптастыру және тартымдылығын арттыру бойынша қарқынды жұмыстар жөнінде айтып берді.