Мемлекеттік ақпараттық жүйелерден ақау шыққан жағдайда бизнес өкілдері не істеу керектігі мәлім болды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер салық төлеуші қателік жіберсе, оған бірден өсімпұл есептеле бастайтынын атап өтті. Олар мемлекеттік жүйелердегі ақауға байланысты төлемдер мен басқа да операциялар өтпей қалған жағдайда, мемлекет тарапынан бизнес алдындағы жауапкершілікті кім көтеретінін сұрады.
Әсет Тұрысов процестердің, оның ішінде цифрлық трансформация арқылы да, үнемі жетілдіріліп отыратынын айтты.
Ақаулар болған күннің өзінде, біз олардың барлығын сол күні барынша жоюға тырысамыз. Мұндай ақаулардан кейін Мемлекеттік кірістер комитеті қандай да бір мәселе туындаған жағдайда, тиісті бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын үнемі хабарлайды. Соған сәйкес, қате болған хабарламалар немесе солардың негізінде қабылданған қате шешімдер қайта қаралады, – деп атап өтті ол.
Вице-министр мұндай жағдайларда жауапкершілікті кім көтеретінін де айтты.
Ақаулардың әрқайсысы тиісті актімен тіркеледі. Ақпараттық қауіпсіздік комитеті де мұндай ақауларды жоюға қатысады. Егер ақау қандай да бір стратегиялық мәселе туындатса, бұл уәкілетті тұлғаға әкімшілік айыппұл салуға дейінгі жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Жалпы, қандай да бір мәселе туындаған жағдайда, бізде колл-орталық бар. Жекелеген жағдайлардың барлығын қарастыруға дайынбыз. Алайда бізде ұзақ уақыт бойы жүйелі ақаулар болған жоқ, – деді вице-министр.