Токио-2020: Спорттық мансабымда жасаған ең үлкен «құрбандығым» отбасым болды – Ольга Рыпакова

30 Шілде 2021, 21:39
4234
Бөлісу:
Токио-2020: Спорттық мансабымда жасаған ең үлкен «құрбандығым» отбасым болды – Ольга Рыпакова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы жеңіл атлет, Токио Олимпиадасының қатысушысы Ольга Рыпакова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында хабарлады. Сондай-ақ спортшы басшылық қызмет ұсынса, не істейтіндігі туралы айтты.

«Егер сізге Жеңіл атлетика федерациясын басқару туралы ұсыныс түссе, барасыз ба немесе уақытыңызды өзіңізге және отбасыңызға арнайсыз ба?» деп сұрады тілші.

Спортшы отбасымды үнемі бірінші орынға қоямын деп жауап берді.

Көп адамдар менен: «Спорттық мансабыңда қандай құрбандықтарға бардың?» деп сұрап жатады. «Құрбандығым» – менің отбасым, балаларым. Жақын арада отбасым мен балаларыма көп уақытымды арнағым келеді. Отбасым бірінші орында, қалғанын көре жатармыз, - деп жауап берді Рыпакова.

Сонымен қатар ол қызым кәсіби спортқа барамын десе, барынша қолдау көрсетемін деді.

Әкем – бала күнімнен жеке бапкерім екенін білесіздер. Спортқа қатысты барлық мәселені сол кісімен бірігіп шешеміз. Әрі қарайғы жоспарды асықпай алдағы уақытта құратын боламыз. Келесі жарыстарға, Азия ойындарына жаттығуды бастаймын ба, жоқ па, бәрін дұрыстап ойлану керек, - деп ағынан жарылды Рыпакова.

Бүгін Ольга Рыпакова Токиодағы Олимпиаданың финалына өте алмаған болатын. Алғашқы айналымда Рыпакова 13.66, екінші айналымда – 13.69 (маусымдағы жеке рекорд) метр нәтижеге қол жеткізді. Бұған дейін жеңіл атлет Олимпиада ойындарына спортшы ретінде соңғы рет қатысып отырғанын мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы