Тоқаев жәрдемақы тағайындау процестерін цифрландыруды тапсырды. Ол қаншалықты орындалып жатыр?

26 Қыркүйек 2021, 11:05
4999
Бөлісу:
Тоқаев жәрдемақы тағайындау процестерін цифрландыруды тапсырды. Ол қаншалықты орындалып жатыр?

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір күннен күнге egov.kz порталы мен мобильді қосымшасын пайдаланатындар саны артуда. Қазақстандықтар ХҚКО-да кезек күткенше, үйден шықпай-ақ мемлекеттік қызмет алудың артықшылығын түсіне бастады. Бұл әсіресе пандемия басталған кезде көп көмегін тигізді. Себебі пандемия дендеп тұрған көптеген мекеменің, әсіресе ХҚКО жұмысына шектеу қойылды, ал азаматтарға еш қажеттіліксіз үйден шықпауға кеңес берілді. Атаулы әлеуметтік көмек алу, мүгедектікті растау процестері автоматтандырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылы зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау процестері цифрландырылуы қажет болатын. Тапсырма қаншалықты орындалып жатыр? Осы және өзге де сұрақтардың жауаптарын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік қызметтерді талдау және дамыту департаментінің директоры Анар Төлеубаевадан білуді жөн көрдік.

- Қазір қанша отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады? Пандемия кезеңінде Жұмыспен қамту орталықтарының мамандары мен халықтың тікелей байланысын болдырмау үшін АӘК алуға өтініш беру «электрондық үкімет» порталы жүргізілген еді. Өтініштерді беру толығымен eGov арқылы жүзеге асырылады ма?

Бүгінгі күні АӘК тағайындауға құжаттарды қабылдау дәстүрлі форматта тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы да, «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы да жүзеге асырылады. Құжаттарды Портал арқылы қабылдау ағымдағы жылғы ақпан айынан басталған пилоттық жоба шеңберінде жүзеге асырылады, ағымдағы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 177,9 мың отбасы немесе 854,3 мың адам атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алды, оның ішінде 75,3 мың отбасы Портал арқылы.

АӘК тағайындау мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынатын құжаттардың электрондық көшірмелері негізінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде құжаттардың электрондық көшірмелері болмаған жағдайда, өтініш беруші тиісті ақпараттық жүйелерде жоқ мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.

- 2020 жылғы 1 қазаннан бастап барлық өңірде Әлеуметтік қызметтер порталы әлеуметтік топтама ұсыну бойынша пилоттық жоба іске қосылғаны хабарланған болатын. Ол қазір қандай деңгейде?

Атаулы әлеуметтік көмек жүйесін жаңғырту шеңберінде 2020 жылдан бастап аз қамтылған отбасылардың балалары үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізілді.

Жасына қарай балалар екі санатқа бөлінеді – 1 жастан 6 жасқа дейін және 6 жастан 18 жасқа дейін. 1 жастан 6 жасқа дейінгі аз қамтылған мектеп жасына дейінгі балалар үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтама шеңберінде тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларына сәйкес айқындалған азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия тауарлары көзделеді.

Бүгінгі күні өнімдер мен тауарларды сатып алуды жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырады.

Бұдан әрі кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну тәртібін және алушылар үшін жеткізушіні өз бетінше таңдау мүмкіндігін оңайлату мақсатында осы пакетті Әлеуметтік қызметтер порталына шығаруды қамтамасыз ету қарастырылуда.

Пилоттық жоба аясында өткен жылдың қазан айынан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі мектеп жасына дейінгі балаларға кепілдендік берілген әлеуметтік топтама әлеуметтік қызметтер порталы арқылы беріледі. Бүгінгі таңда бұл қызметті 33,3 мың өтініш беруші пайдаланды.

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылы зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау процестері цифрландырылуы қажет еді. Тапсырма қаншалықты орындалып жатыр?

Бүгінде әлеуметтік-еңбек саласының 45 қызметінің 24 қызмет түрлері әлеуметтік төлемдермен байланысты.

Негізінен әлеуметтік-еңбек саласында зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау процестері автоматтандырылған деп айтуға болады. Өтініш берушілердің құжаттары бойынша Министрліктің тиісті ақпараттық жүйесінде істің электрондық макеті қалыптастырылады, бар интеграциялар арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен кейбір жеке мәлімет нақтыланып тексеріледі және тағайындау жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі. Тағайындау жөніндегі уәкілетті органмен ақпараттық жүйеде тағайындау туралы шешімнің электрондық жобасы әзірленіп жауапты тұлғалармен электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылып шешім қабылданады. Сондай-ақ тағайындалған зейнетақылар мен жәрдемақыларды төлеу процесі де ақпараттық жүйелер арқылы автоматтандырылған.

Дегенмен зейнетақы төлемдерін және кейбір жәрдемақы түрін тағайындау үшін мемлекеттік архивтерден тарихи мәліметтер сұрату қажеттілігі туындайды. Осыған орай, мұндай қызмет түрлері бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар жалғасуда.

Сонымен қатар кейбір жәрдемақы түрлеріне өтініш қабылдауды «электрондық үкімет» порталы арқылы іске асыру бойынша Министрлікпен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

- 2023 жылдан бастап инватакси қызметі, Отбасылық Цифрлық карта іске қосылады. Бұл қызметтердің артықшылығы қандай?

Дұрыс айтасыз, Министрлік 2023 жылға инватаксидің фунционалын қосуды жоспарлап отыр. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы және ыңғайлы болады.

2022 жылдан бастап отбасының цифрлық картасы пилоттық түрде іске қосылады. Негізінде отбасының цифрлық картасы - бұл отбасы мүшелерінің қажеттіліктерін жиынтықта қарастыратын ерекше жүйе. Бұл өте маңызды, өйткені бірге тұратын отбасы мүшелері жиынтық табыс, әлеуметтік өмір сүру жағдайлары, жақындарының денсаулығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік көмекке мұқтаждық және т. б. сияқты маңызды көрсеткіштерге әсер етеді.

Азаматтардың әлеуметтік осал санаттары мемлекеттен әлеуметтік көмек және өзге де қолдау шараларын алуға өздерінің құқықтары туралы әрдайым біле бермейді, сондай-ақ құқықтық, ювеналдық және өзге де көмекті қажет етеді.

Сондықтан негізгі мақсат - мемлекеттік қызмет көрсетудің өтінімдіктен анықтау сипатына көшу және халықтың қажеттіліктерін уақтылы қанағаттандыру болып табылады. Қағидаттың өзі енді жаңа емес, себебі мен бұған дейін осы мәселеге тоқталдым, қазір барлық мемлекеттік орган азаматтың осындай қажеттілігі туындағаннан кейін қызметтерді проактивті түрде көрсетеді.

Цифрлық отбасылық карта азаматтардың мәліметтерін автоматтандырылған режимде өңдейтінін және отбасы туралы ақпаратқа қолжетімділік қатаң түрде қажет болған жағдайда қамтамасыз етілетінін атап өткен жөн.

Цифрлық карта білім беру, экономикалық жағдайлар, денсаулық, сондай-ақ тұрғын үй және әлеуметтік жағдайлар сияқты түрлі бағыттар бойынша 24 ақпараттық дереккөзбен (олардың 17-сі онлайн) интеграцияланды. 

- Электрондық порталдардың енгізілуімен әлеуметтік-еңбек саласында сыбайлас жемқорлық фактілері азайды ма?

Жалпы Министрлік үшін цифрландыру жобаларын іске асыру мен мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудың мақсаттарының бірі – әлеуметтік-еңбек саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен тәуекелдерді болдырмау болып табылады. Цифрландыру мен автоматтандыру нәтижесінде қызметті алушылар мен қызметті берушілер арасында тікелей қатынас болмайды, яғни адами факторлар орын алмайды.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Өзгелердің жаңалығы