Тоқаев Үкіметтің отставкасына қатысты пікір білдірді

10 Қаңтар 2021, 11:59
1770
Бөлісу:
Тоқаев Үкіметтің отставкасына қатысты пікір білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы №58 сайлау учаскесінде таңдау жасады. Дауыс берген соң Президент БАҚ-тың сұрағына жауап берді. 

Сайлауға қатысты айтатын болсақ, ол әділ өтеді деп үміттенемін. Билік тарапынан барлық талап орындалды. Үміткерлерге бірдей жағдай жасалды. Заң бойынша Үкімет отставкаға кетуі керек. Мен сайлаудан кейін Парламентте фракциялар жетекшілерімен Премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің кандидатураларына қатысты ақылдасамын. Бұл туралы сіздер де жедел ақпарат аласыздар, - деді ол.  
Бұған дейін Мемлекет басшысы 15 қаңтарда Парламент отырысы өтетінін айтты. Сонымен қатар ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Зарема Шаукенова Қазақстандағы сайлау алдындағы күн тәртібін талқылауға арналған дөңгелек үстел барысында Үкімет қашан ауысатынын айтты.

Айта кетейік, Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 20 қазанында Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Сонымен қатар осы уақытқа дейін Премьер-министр Асқар Мамин,  ҚХП төрағасы Айқын Қоңыров, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Президент аппаратының басшысы Ерлан Қошанов, «Ауыл» партиясы төрағасы Әли Бектаев, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, ADAL партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, белгілі спортшы Ольга Рыпакова мен Жазира Жаппарқұл өз таңдауын жасады.

Өзгелердің жаңалығы