Тоқаев пен Анджей Дуда телефон арқылы сөйлесті

8 Қараша 2021, 18:55
800
Бөлісу:
Тоқаев пен Анджей Дуда телефон арқылы сөйлесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президенті Анджей Дудамен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Польша тарапының бастамасымен болған әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Анджей Дуда екіжақты қарым-қатынастардың және халықаралық күн тәртібінің өзекті проблемаларын, соның ішінде Польшаның 2022 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қатысты мәселелерді талқылады.  

Қазақстан Президенті польшалық әріптесін Варшаваның алдағы жылғы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығымен құттықтап, іс жүзінде тығыз ықпалдастық орнатуға, соның ішінде ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы Астана саммитінде қабылданған мәлімдемелерді жүзеге асыруға дайын екенін нақтылады.  

Анджей Дуда Қасым-Жомарт Тоқаевқа Польша төрағалығының негізгі басымдықтары, соның ішінде шиеленісіп кеткен қақтығыстарды Ұйым аясында реттеуге септігін тигізу жөнінде мәлімет берді.

Тараптар Қазақстан мен Польша арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Экономиканың негізгі секторларындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге екі жақ та мүдделі екенін білдірді.

Қазақстан мен Польша президенттері Ауғанстандағы қазіргі ахуалға қатысты пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Анджей Дуда ауған дағдарысы гуманитарлық проблемаларды, терроризм мен экстремизмге, заңсыз миграция мен есірткі тасымалына қарсы күрес мәселелерін шешу үшін барлық мүдделі тараптың белсенді әрі конструктивті түрде атсалысуын қажет етеді деген ортақ пікірге келді.

Әңгімелесу соңында президенттер алдағы кезеңге арналған екіжақты іс-шаралар кестесін талқылады.

Өзгелердің жаңалығы