Тоқаев халықты жұмыспен қамтудағы мәселелерді атады

26 Қаңтар 2021, 13:28
1266
Бөлісу:
Тоқаев халықты жұмыспен қамтудағы мәселелерді атады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы кезінде айтты.

Тағы бір мәселе – жұмыспен қамту. Біз «Жұмыспен қамтудың жол картасын» қабылдап, оған 1 трлн теңге бөлдік. Бұл қаржының 98,2 пайызы игерілді. Бағдарлама халықты еңбекпен қамтып, іскерлік белсенділікті қолдау үшін маңызды рөл атқарды. Алайда, ондаған және жүздеген мың жұмыс орны ашылғаны туралы ақпаратты тексергенде, ол зейнетақы және салық төлемдеріне сәйкес келе бермейді, - деді Тоқаев.

Оның айтуынша, азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. 

Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың 1/3-і Зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай Түркістанда 79 пайызға, Қызылордада 43 пайызға және Жамбыл облыстарында 36 пайызға анықталып отыр, - деді ол.

Ол еңбекпен қамтылғандардың 40%-ға жуығы «көлеңкеде» қалып қойғанын айтты.

Мұндай есептерді бұған дейін автоматты түрде қайта тексеру тәсілдері туралы тапсырма бергенмін. Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл тапсырманы әлі орындаған жоқ, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы