Тоқаев Алматыда карантин шараларын күшейтуді тапсырды

4 Тамыз 2021, 20:27
4213
Бөлісу:
Тоқаев Алматыда карантин шараларын күшейтуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Алматы облысының басшысы Амандық Баталовтың есебін тыңдады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында хабарлады. 

Президентке Алматы облысының биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде телефон арқылы баяндалды. 

Амандық Баталовтың айтуынша, негізгі салалардың барлығында өсім қамтамасыз етіліп, қысқа мерзімді экономика көрсеткіші 109,4 пайыз болған. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімет берілді. 

Облыс әкімі соңғы апта ішінде коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 1 пайыздан аспағанын жеткізді. Өңірде 4 мың төсек-орын қарастырылған. Жұқпалы індет стационарының 55,8 пайызында, жансақтау бөлімдеріндегі орындардың 13 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр. 

Мемлекет басшысы, сонымен қатар, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету туралы мәлімет алды. 

Әкім облыста орталықтанған сумен қамту 98,3 пайыз болғанын және бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі екенін айтты. Биыл 7 ауылға су құбырын тартып, 11 елді мекенді таза ауыз сумен қамту арқылы көрсеткішті 99,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жобаға 10,9 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Алдағы бес жылдың ішінде тағы 33 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 72 елді мекенде желілерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. 

Амандық Баталов Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағын жөндеу жұмысының, Алакөл жағалауындағы су тазарту құрылғылары құрылысының басталғанын және ауыл әкімдері сайлауының қорытындысы туралы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға және ішкі туризмді ілгерілетуге ерекше көңіл бөлуді тапсырды. 

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен шаһардағы коронавирус індетінің таралуына қарсы атқарылып жатқан шаралар мен қаланың инфрақұрылымын дамыту мәселелерін телефон арқылы талқылады. 

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, «дельта» штамының таралуына байланысты Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдай күрделі болып тұр. Өткен аптада індет жұқтыру 1,4 есе артып, 7 936-дан 10 805-ке жеткен. Бір тәулікте вирус жұқтыру 1,4 пайызға көбейген. Соңғы тәулікте жаңадан 1558 науқас тіркелсе, олардың 1480-інде індеттің белгілері бар. 

Науқастар санының артуына байланысты қосымша жұқпалы аурулар ауруханалары ашылуда. Қазір 7625 науқас ем қабылдап жатыр, 2400 орындық төсек-орын қоры жасақталды. Қаланың дәріхана желісін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында 5 миллиард теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылды. 68 түрлі дәрі-дәрмектің қажетті мөлшері жасақталды. Қаланың медициналық ұйымдары дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қорымен қамтамасыз етілген. 

Тұрғындарға жаппай екпе салу жалғасып жатыр. Қалада 167 вакцина салу пункті жұмыс істеп тұр. 4 тамыздағы жағдай бойынша 740 487 адамға екпенің бірінші компоненті, 545 954 тұрғынға екінші компоненті салынған. 

Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне коронавирус індетінің таралуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді және шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауға алу жөнінде тапсырма берді. 

Өзгелердің жаңалығы