Тоғжановтың тапсырмасы аяқсыз қалды – сенатор

5 Қараша 2020, 12:45
1545
Бөлісу:
Тоғжановтың тапсырмасы аяқсыз қалды – сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың Қаржы министріне берген тапсырмасы аяқсыз қалған. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған сенатор Әлімжан Құртаев айтты.

Оның айтуынша, Қажымұқан Мұңайтпасұлының мемориалдық кешенін салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбей отыр.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Түркістан облысына жұмыс сапарында Қаржы министрлігіне Қажымұқан Мұңайтпасұлының мемориалдық кешенін салу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлуді жүктеген. Яғни, 2020 жылы басталып, 2021 жылы аяқталуы көзделетін қаражат бөлу жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырған. Бұл тапсырма аяқсыз қалды деуге болады, - дейді депутат.

Оның айтуынша, Премьер-министр Асқар Мамин былтыр депутаттардың сауалына орай Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын мерекелеу Үкіметтің ерекше бақылауында және тиісті деңгейде аталып өтетінін жеткізген.

2019 жылғы 8 қарашадағы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау мен өткізуге қатысты депутаттық сауалымызға, қазақтың әйгілі палуанының 150 жылдық мерейтойы Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 25 тамыздағы № 228 бұйрығымен бекітілген 2019-2021 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тiзбесiне енгізілгенін хабарланған. Үкіметтің ерекше бақылауында және тиісті деңгейде аталып өтетінін өзіңіз айтқан болатынсыз. Ал мемориалдық кешен құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың қараша айында басталып, 2021 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп күтілген болатын. Алайда қазіргі жағдайда бұлай деу мүмкін емес секілді, себебі құрылыс жұмыстарын бастауға тиісті қаражат қарастырылмаған,- дейді Әлімжан Құртаев.

Ол Премьер-министрден мемориалдық кешенді салуға тиісті қаражатты 2021 жылдың бюджетінде қарауды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы