Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Мәртөк ауданына жұмыс сапары барысында су тасқынына қарсы қабылданған іс-шаралармен танысты. Өңір басшысы көктемде су басуы мүмкін учаскелерді аралап көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аудан аумағында су тасқыны қаупі бар төрт елдімекен бар – олар Мәртөк, Қазан, Сарыжар және Саржансай ауылдары.
Көктемгі су тасқыны кезінде күтпеген жайттардың алдын алу мақсатында аталған учаскелерде Казанка-1 бөгетіне күрделі жөндеу, Қазан ауылындағы өткелді жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Қазан-2 бөгетін күрделі жөндеу бойынша жоба әзірленіп, су деңгейін реттеуші құрылым салынады. Өйткені, қазіргі таңда су деңгейін реттеу автоматтандырылмаған, - деді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәртөк және Сарыжар ауылдарында арқалықтарды кеңейту және тазарту, еріген қар суларының тасуын болдырмау үшін дуал салу бойынша іс-шаралар жүзеге асырылды.
Сарыжар ауылының шетінде қосымша ашық үлгідегі су ағызу кәрізі жасалды.
Барлық елдімекендерде қар шығару жұмыстары белсенді жүріп жатыр, су өткізетін шлюз, арқалықтар тазартылады, бөгеттердегі су мен өзендердің деңгейін бақылау үшін гидробекеттер орнатылады.
Облыс әкімі уәкілетті органдарға, аудан басшылығына су тасқынына қарсы іс-шаралардың барысын тұрақты қатаң бақылауда ұстауды, елдімекендердің аумақтарын су басуға жол бермеу мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.