Тоғжанов: 2023 жылдың соңына дейін үлескерлер мәселесін шешеміз

1 Қараша 2022, 09:46
788
Бөлісу:
Тоғжанов: 2023 жылдың соңына дейін үлескерлер мәселесін шешеміз

Ақтөбе облысында үлестік құрылыс проблемаларын шешу бойынша шаралар қабылданып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтөбе қаласы бойынша 540 үлескер қаражат салған 11 тұрғын үй кешені бар. Көбісінің құрылысы бірнеше жылдар бойы тоқтап тұрған. Оған қаржының тапшылығы, сот процестері және басқа да жағымсыз факторлар себеп.   

Проблемалық нысандарды тез арада пайдалануға беру және қиын жағдайға тап болған үлескерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге көмектесу үшін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен кешенді шаралар қабылданып, «Құрылыс кооперативтердің проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі жол картасы» бекітілді.  

Облыс әкімі Ақтөбедегі құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерін аралап, бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысын жеке өзі тексерді.

Барлық 11 нысанды аяқтау үшін әлеуетті инвесторлар анықталды. Кейбір мердігерлер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.  Қазіргі таңда барлық нысандарда құрылыс жұмыстары басталды.  

 Атап айтқанда, «Safina.kz» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында жұмыстар 2020 жылы тоқтатылған. Себеп – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Мұндағы пәтерлердің 75%-ы сатылған. Бірақ, тұрғындар әлі күнге дейін баспаналарына кіре алмай отыр.   

4 қазанда облыс әкімдігінде өткен жиыннан кейін мердігер компания құрылыс-монтаж жұмыстарын жандандырған және биылғы жылдың соңына дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Нысан толығымен келер жылдың көктемінде пайдалануға беріледі.   Сондай-ақ өңір басшысы «Кaspigroup», «Алаш Орда», «Жилище», «Жанғали», «Exclusive» тұрғын үй кешендерінде болып, құрылыс барысымен танысып, үлескерлермен кездесті.   

Жобадан ауытқып, құрылыс материалдарын ауыстырған «Жилище» тұрғын үй кешені сүрілетін болды.   

Проблемалық нысандардың қатарында 2016 жылдан бергі жобалар бар. Құрылысшылар тұрғындардан тоғызқабатты үйдің құрылысына ақша алып, үйдің төрт қабатын ғана салған. Қалған қаражатқа жер учаскелерін сатып алып, мүлдем жоқ пәтерлерді сатып үлгерген. Шаралар қабылдауға тура келді. Ал басқа компанияларға қатысты нақты міндеттер қойылды: олар құрылысты толыққанды аяқтайды немесе өз міндетін уақытылы әрі сапалы орындайтын инвесторларға тапсырады. Біз қойған талаптарды орындап, істі соңына дейін жеткізуге дайын әлеуетті инвесторларды анықтадық. Ендігі іс құрылысшыларға байланысты.  Өз кезегінде, біз қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. 2023 жылдың соңына дейін үлескерлерге қатысты мәселелерді шешетін боламыз, - деген облыс әкімі құрылысшыларға өз міндеттемелерін сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы