Тоғызқұмалақ тек қазақ халқына емес, түркі әлеміне ортақ мұра – Әкім Тұрсұн

12 Қыркүйек 2023, 15:59
2297
Бөлісу:
Тоғызқұмалақ тек қазақ халқына емес, түркі әлеміне ортақ мұра – Әкім Тұрсұн
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Халқымыздың дәстүрі мен салты, ұлттық ойыны бабадан балаға мұра болып, сақталып осы уақытқа дейін жетті. Терең ойлауды талап ететін, ұлттық спортымыздың бірі-тоғызқұмалақ. Қазіргі уақытта бұл спорт түрі елімізде қалай дамып жатқаны жайлы Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті, Алматы тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсұнмен сұхбаттасып, білген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

-Тоғызқұмалақ ойынының қазіргі уақытта елімізде даму деңгейі қандай?

-Тоғызқұмалақ соңғы уақыттта өте қарқынды дамып жатыр. Спорт және туризм министрлігі 4 ай бұрын ұлттық спорт түрлерінен рейтинг жасады. Соның ішінде ТОП-1 де тоғызқұмалақ тұрды. Ойыншылар санымен есептегенде 207 мың ойыншы осы спортпен айналысады. Келесі жылдан бастап «Даму бала» арт-спорт тізімі арқылы неше адам айналысқаны белгілі болса, қатысушылардың саны одан да артады деп сеніп отырмыз. Былтыр президент  Қасым-Жомарт Тоқаев қаражатты аз қажет ететін спорт түрлерін дамыту керек екенін айтты. Соның ішінде шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, теннисті атап өтті. Сол тапсырмадан кейін барлық жерде жақсы бетбұрыс болып, дамып келе жатыр.

-Ұлттық спортымызды әлем елдері таниды деп айта аламыз ба?

-Тоғызқұмалақты әлем елдері таниды, біледі. Қазіргі таңда PlayOK.com деген онлайн платформа бар. Ол жерде 100 елден ойыншылар қатысып, ойнайды. Бірақ ресми 30 ел деп айтамыз. Өйткені әр елде этно спорт федерациялары болады. Сол федерациялардың ішінде тоғызқұмалақты 30-дан аса ел ойнайды. Яғни әлем елдері тоғызқұмалақпен айналысады деген сөз.

Тоғызқұмалақ тек қазақ халқына емес, түркі әлеміне ортақ мұра – Әкім Тұрсұн

-Тоғызқұмалақ тек ғана қазақ халқына тиесілі ме?

-Тоғызқұмалақ - тек қазақ халқына емес, түркі әлеміне, көшпелілерге тиесілі ортақ мұра деп айтамыз. Себебі тоғызқұмалақтың тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. ЮНЕСКО тоғызқұмалақты адамзатқа ортақ мәдени мұра деп мойындады. Оған негіз болу үшін салыстырмалы түрде әлемдегі барлық ұқсас ойынды алып, шығу тарихын қарады. Олардың шығу тарихы бертін келе шыққан. Ал, күрделілігіне қарайтын болсақ, ең қиыны тоғызқұмалақ болған.

-Қай елдің ойыншыларын бәсекелес деп танимыз?

-Жалпы көшпенділер ойындардың ішінде қырғыз елі өте жақсы дамыған, жақсы ойнайды деп айта аламыз. Ересектер арасында бізге бәсеке ретінде қырғыз ағайындарды көреміз. Ал, оқушылар арасында бәсекелес ел осы деп айту қиын. Ол жақын күндері белгілі болады. Себебі жасөспірімдер арасында Әлем чемпионаты өтеді. Сол кезде анықталады. Чемпионатқа Бангладеш, Шығыс Еуропа елдері, Латвия, Литвия, Румыния елдерінің де оқушылары келе жатыр.

Тоғызқұмалақ тек қазақ халқына емес, түркі әлеміне ортақ мұра – Әкім Тұрсұн

-Биыл қандай шаралар атқарылды?

-Биыл тоғызқұмалақ бойынша Азия чемпионаты өтті. Одан бөлек, жылда өтетін жарыс Румынияда Әлем кубогі болды. Алдағы уақытта Еуропада 4-5 жарысымыз бар. Республикалық турнирлер мен чемпионаттар дәстүрлі түрде жоспарға сай өтіп тұрады. Сондай-ақ, мектеп оқушылары арасындағы рапид және блиц түрлерінен 21-24 қыркүйек аралығында Алматы қаласында Әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа қатысуға қазірдің өзінде 20-дан аса ел өтініш білдірді. Ал 8-ден аса ел өздерінде іріктеу турнирлерін өткізген. Негізінен 15-17 жас арасындағы оқушылар бақ сынайды.

-Алдағы жоспарлар қандай?

-Алда жоспар өте көп. Туризм және спорт пен Оқу-ағарту министрліктері тарапынан көп қолдау болып жатыр. Тоғызқұмалақ тек спорт түрі ғана емес, интеллектуалды ойын ретінде ақыл-ойды дамыту құралы ретінде қолданылатын болғаннан кейін оқушылардың арасында, колледж студенттері арасында жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, келесі жылы Көшпенділер ойыны арасында тоғызқұмалақтан чемпионат болады. Соған дайындалып жатырмыз.

-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы