Тоғыз айда алматылықтардан 2500 шағым түсті – МСҚ

22 Қазан 2021, 09:42
3787
Бөлісу:
Тоғыз айда алматылықтардан 2500 шағым түсті – МСҚ

Алматы, BAQ.KZ. 2021 жылдың 9 айында Медициналық сақтандыру қорына Алматы тұрғындарынан 2500 шағым түскен. Оның басым бөлігі медициналық көмек сапасы мен оны көрсетуден бас тарту, көрсетілмеген қызметті ақпараттық жүйеге «көрсетілді» деп тіркеу сынды шағымдардан тұрады. 

Бұл туралы МСҚ Алматы қалалық филиалы хабарлады.

Филиал өкілдерінің айтуынша, туындаған даулы мәселелерді сол жерде, тікелей медицина ұйымында шешу пациенттер үшін өте тиімді. Ол үшін әр клиникада пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі жұмыс істейді.

Аталған қызмет емхана басшысына бағынады, бірақ оның негізгі міндеті – қызмет сапасын жақсарту. Яғни, қолдау қызметі азаматтарды сапалы әрі толыққанды медициналық көмекпен қамтамасыз етуге, кемшіліктерді анықтап, оларды дер кезінде жоюға мүдделі, - дейді филиал директоры Тілеухан Әбілдаев. 

Пациент қандай жағдайларда қолдау қызметінің көмегіне жүгіне алады? Мысалы: 

- шұғыл көмек қажет болғанда немесе учаскелік дәрігердің қабылдауына кіру үшін сақтандыру статусын талап етсе;
- учаскелік дәрігердің болмауына байланысты қабылдаудан бас тартса;
- тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген емхананың учаскелік дәрігері/медбикесі немесе фельдшері үйге келіп қызмет көрсетуден бас тартса;
- салалық маман жоқ/ауырып жатыр/еңбек демалысында немесе кезек толуына байланысты бір айға дейін жазу тоқтатылды деген себептермен консультация ала алмай жүрсеңіз;
- көрсетілімдер бола тұра тиісті диагностикалық қызметке немесе лабораторлық зерттеулерге жолдама бермесе;
- сізді жүргізілген зерттеу нәтижесімен таныстырмаса;
- қабылдау кезінде дәрігер дөрекі мінез көрсетсе;
- көрсетілген медкөмек сапасы көңіліңізден шықпаса;
- қойылған диагноздың немесе тағайындалған емнің дұрыстығына күмәніңіз болса;
- медициналық жазбалардан қате тапсаңыз немесе сіз пайдаланбаған қызметті «көрсетілді» деп жазған болса;
- медицина ұйымының, ондағы еңбек персоналының жұмысы қанағаттандырмаса т.б. 

Алматы қаласындағы №36 емхана бас дәрігері Гүлжайнат Тілегеннің сөзіне қарағанда, көп жағдайда азаматтардың шағымдарын жазбаша қабылдамай-ақ, пациенттерді қолдау қызметі арқылы шешуге болады.

Айтуынша, көптеген пациент мәлімет ала алмай қиналады немесе көмек көрсетуден бас тартты деп шағымданып жатады. Кейде сырқаттанып емханаға келген тұрғындар қандай маманның кеңесіне жүгіну қажеттігін білмейді. Осындайда қолдау қызметінің маманы пациентке көмектесіп, жол сілтейді.

Біз шағымды қарастыру мерзімін 5 күннен асырмауға тырысамыз. Кейде қосымша мәлімет жинап, тексеру жүргізу қажет болып жатады, ондайда шағым 10 күнге дейін қаралуы мүмкін, – дейді бас дәрігер.

Егер мәселе пациенттерді қолдау қызметі тарапынан шешімін таппаған Қордың Qoldau24/7 мобильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс нөмірі немесе fms.kz ресми сайты арқылы шағымдануға болады. Келіп түскен арыз-шағымдар міндетті түрде қаралады.

Өзгелердің жаңалығы