Тобыл Линкольнді 2-0 есебімен жеңді

22 Шілде 2022, 01:11
1942
Бөлісу:
Тобыл Линкольнді 2-0 есебімен жеңді
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайдың орталық стадионында Конференция лигасының екінші біліктілік раундындағы алғашқы кездесуін өткізді.

Бұл маңыздылығы бойынша екінші Еурокубок турнирі болып саналатын деңбіл доп бәсекесіне қостанайлық «Тобыл» УЕФА-ның чемпиондар лигасындағы сәтсіз ойынынан кейін ауысқан еді. Еліміздің қазіргі чемпиондары Венгрияның «Ференцварошқа» қарсы ойындағы ойсырай ұтылған жеңілістерін жуып-шаю үшін жанкүйерлерінің алдында бар күшін салды десе де болады. Осы арада тоқтала кетер бір жайт, Қостанай командасына тап болған Линкольн комадасы да оңай шағылар жаңғақ емес. Нағыз тіс қаққан қарсылас деуге  болады. Бірақ Тобылмен жасыл алаңда доп тепкен қарсылас Гибралтар клубы өзінің ұзақ жылғы бай тарихына қарамастан, Еурокубоктарда өнер көрсетіп жүргендеріне көп болған жоқ. Команда өткен ғасырдың 70-ші жылдары құрылған. Жерорта теңізінің жағасын мекендеген «Линкольн» ұжымы Гибралтардың бірнеше дүркін чемпионы болып табылады. Гибралтар – футболда ағылшын менталитеті мен ойын стилін көп қолданатын ел.

Тобыл Линкольнді 2-0 есебімен жеңді

Қонақтарға қарсы ойында «Тобылдың» бапкері алдыңғы Чемпиондар Лигасындағы өнер көрсеткен құраммен ойнауға бекініпті. Жарақаттан жазылып алаңға қайта оралған қостанайлық атақты қорғаушы Александр Марочкиннің осы ойында өнер көрсетуі жанкүйерлерді сенімділікке жетеледі десе де болады.

Тобыл Линкольнді 2-0 есебімен жеңді

Жалпы екі матчтан тұратын бұл ойынның айқын фавориті «Тобыл» болып табылады. Осыны аңғарған Қостанай командасы қонақтардың қорғаныс шебін бұзып өтіп, жылдам гол салу ойы болғаны жасырын емес. Бірақ алаңдағы жағдайдың жоспарға сай болмаған тұстары көп болды. «Тобылдың» жоспарын біліп қойған қонақтар тайлы тұяғымен жиналып, сауатты қорғанысқа көшті. Жалпы, бірінші тайм сүреңсіз өтті. Оның үстіне өкінішке орай, Қостанай командасы жанкүйерлері күткен голдарын да сала алмады.

Тобыл Линкольнді 2-0 есебімен жеңді

«Тобыл» тек «Линкольн» қақпасының кілтін ойынның тек 65-ші минутында ғана тапты. Намысқа тырысқан қостанайлықтар кезекті бір қарымта шабуылда қарсыластың қақпасының алдында қарабалас сәт туындады. Осы кезді ұтымды пайдаланған «Тобыл» ойыншысы Айбар Жақсылықов қарсыластың қақпасына баспен гол соқты. Осылайша есеп 1:0 болып қостанайлықтар алға шықты.

Осыдан кейін қонақтар «Тобыл» қақпасына бірнеше өткір шабуыл жасап, нәтижені теңестіруге тырысты. Бірақ барлығы сәтсіз аяқталып жатты. Кездесудің соңында шабуылға лап қойған «Тобыл» ойыншыларының әрекеті өз нәтижесін берді. Ұрымтал сәтте қарсыластың қақпасына гол соққан Жарко Томашевич есепті 2:0- ге жеткізіп, «Тобылға» жеңіс сыйлады.

Енді осы командалар арасындағы қарымта кездесу 26 шілдеде Гибралтарда өтеді. Егер «Тобыл» конференциялар Лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өте алса, онда ол «Тирана» (Албания) мен «Зриньски» (Босния және Герцеговина) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Күтейік, «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің деуші еді ғой.

Өзгелердің жаңалығы