Тоғыз айда 67 млн тонна мұнай өндірілді

2 Қазан 2019, 16:10
2429
Бөлісу:
Тоғыз айда 67 млн тонна мұнай өндірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бірінші Энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында тоғыз айдағы мұнай-газ саласындағы жағдайды баяндады.  

"Биыл мұнай өндіру көлемі 89 млн тоннаны құрады. 9 айдағы негізгі көрсеткіштер бойынша мұнай өндіру көлемі – 67 млн тонна, жоспардың орындалуы – 101,7%. Үш ірі жоба бойынша 40,6 млн тонна мұнай өндірілді:  Қашағанда – 10,1 млн тонна, Теңізде – 22 млн тонна, Қарашығанақта – 8,5 млн тонна", - деді ол.

Бірінші вице-министр биыл Қашаған мен Теңіздегі күрделі жөндеу жұмыстары сәтті аяқталғанын айтты. 

"15 қыркүйектен бастап Қарашығанақтың негізгі өндірістік объектілерінде күрделі жөндеу жүргізілуде. Өндіріс толығымен тоқтатылды, жөндеу жұмыстары 13 қазанға дейін жалғасады. Жөндеу өңдеу кешені, газды кері айдау компрессорлары, газды дайындау қондырғыларында өтіп жатыр.  Белгіленген мерзімде аяқталуға тиіс. Мұнай өндіру көлемін 89 млн тоннадан асыруға мүмкіндік бар", - деді Досмұхамбетов.

Ол былтыр мұнай өңдеу зауыттарындағы жаңғырту жұмыстарынан соң өңдеу қуаты мен тереңдігі артқанын, үш зауытта мұнай өңдеу көлемі жыл басынан бері 12,7 млн тоннаны құрағанын айта кетті. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 5% артық.

Өзгелердің жаңалығы