Тоқаев жаңадан құрылған агенттіктің төрағасын қабылдады

15 Қыркүйек 2020, 19:36
1127
Бөлісу:
Тоқаев жаңадан құрылған агенттіктің төрағасын қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Серік Жұманғарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңадан құрылған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.  

Президентке еліміздегі бәсекелестікті дамыту, оған қолайлы жағдай жасау және ұлттық идея ретінде қабылдау мақсатында атқарылатын іс-шаралар туралы баяндалды. Осы мақсатта барлық салалар мен аймақтарды қамтитын бәсекелестікті дамыту жөнінде Ұлттық жоба әзірленеді. Салалық және аймақтық бәсекелестік талаптары жасалады.

Агенттік төрағасы Мемлекет басшысына жаңа құрылымның қызметін ұйымдастыру жоспары туралы айтты. Әсіресе, тұтынушылардың талабын қанағаттандыру, экономиканың тұрақты өсімі мен дамуын қамтамасыз ету, нарық субъектілерінің экономикалық тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық берілмек.

Президент халықаралық нарықтағы озық тәжірибелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстанда дұрыс бәсекелестік қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттік басшысына Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы бәсекелестікті қорғау және экономиканың тиімділігін арттыруға бағытталған тапсырмаларды орындаудың маңыздылығына тоқталды. Жолдау жүктеген міндеттерді орындау бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы