Тоқаев министрлер мен әкімдерге неге сөгіс жарияламады

24 Қаңтар 2020, 15:31
1884
Бөлісу:
Тоқаев министрлер мен әкімдерге неге сөгіс жарияламады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойылған міндеттерді орындай алмаған Үкімет мүшелері мен әкімдерді бүгін жазаламауды шешті, алайда мәселелер шешілмесе оларды қызметінен көктемде босатуға уәде берді.

Бүгін менің тапсырмаларымды тиісті деңгейде орындамаған тұлғаларға сөгіс жарияламағанымды көріп тұрсыздар. Алайда кемшіліктер жетеді. Мысалы, халық тұтынатын ең қажетті тауар бағасының өсуіне байланысты қатаң шаралар қолдануға болатын еді, – деді президент. 

Мемлекет басшысы бұл жолы Үкімет мүшелері мен әкімдерге кемшіліктерді түзетуге уақыт берегенін айтты. 
Жалпы, сөгіс жариялау – жақсы нәтижеге жетудің тиімсіз жолы. Бұл менің ұстанымым. Сондықтан Үкімет мүшелері мен әкімдерге кемшіліктерді түзетуге уақыт беремін. Бүгінгі отырыста берілген тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен орындау қажет.  Көктемде біз осы мәселеге қайта ораламыз. Сол кезде өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындай алмаған адамдарды қызметтен босату жөнінде нақты шаралар қолданатын боламыз, – деді Тоқаев. 

Оның айтуынша Асқар Мамин басқаратын Үкімет халық алдында тұрған міндеттердің маңыздылығын толық түсініп жұмыс істеп жатыр.
Өзгелердің жаңалығы