Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақордадағы кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бұдан кейінгі экономикалық дамуы бойынша бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, инвестициялар, экспорт және индустриализация экономика өсімі мен диверсификациясының басты факторлары болып табылады. Осыған орай, мемлекет пен бизнестің, сонымен қатар орталықтары мен өңірлерінің үйлесімді жұмыс істеу қажеттілігі туындады.
Бұдан басқа, Қ.Тоқаев жеке өңірлердің іскерлік белсенділігін тежейтін әкімшілік тосқауылдар мен шектеулер мәселесіне баса назар аударды.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы шикізаттық емес экспорт пен тартылған инвестициялар көлемі министрлер мен әкімдер қызметін бағалаудың басты көрсеткіштері болып табылатынын айтты.
Сол себепті, Президент Әкімшілігіне мемлекеттік органдарды бағалаудың қолданыстағы жүйесіне тиісті өзгертулер енгізуді тапсырды.
Бұған дейін, Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қалыптастыру әдісін қайта қарауды тапсырды. Сонымен қатар, Астананың атауын өзгерту – тарихи жаңалық екенін атап өтті.