Тоқаев: Қазақстан-Корея тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетті

22 Сәуір 2019, 12:26
3582
Бөлісу:
Тоқаев: Қазақстан-Корея тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетті
PHOTO
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Президенті Мун Чжэ Ин бірлескен мəлімдеме жасады.

Қазақстан Президенті былтырғы жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының көлемі рекордтық 4 млрд долларға жеткенін айтты. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен екі есе көп.

"Біз өзара əрекеттестікті одан əрі тереңдетуге жəне осы бағытта жаңа мүмкіндіктерді іздеуге мүдделіміз. Кореядан Қазақстанға құйылған тек тікелей инвестициялар 7 млрд долларды құрады. Корея бизнесі Қазақстанның тамақ, тау-кен байыту, автомобиль мен басқа салаларында сәтті жұмыс атқаруда", - деді Тоқаев.

Тоқаев: Қазақстан-Корея тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетті

Президенттің айтуынша, корейлер Қазақстандағы ірі 10 этнос қатарына кіреді. Елімізде тұратын жəне Қазақстан азаматы саналатын корейлер саны 100 мыңнан асады.

"Əрине, біз өз тарапымыздан, Үкімет тарапынан корейлердің ұлттық - мəдени ерекшелігіне қолдау көрсетеміз. Сіздің сапарыңыз біз үшін аса маңызды. Мен Қазақстан Президенті ретінде ынтымақтығымыздың одан əрі нығаюына қолдау көрсетемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев: Қазақстан-Корея тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетті

Еске сала кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Корея президенті Мун Чжэ Ин мен оның жұбайы Ким Чжон Сукті қарсы алған болатын.

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының президенті кеше Алматыда корей диаспорасымен кездесіп, театр қойылымын тамашалады. Нұр-Сұлтан қаласына кеше келді. 

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Корея президенті сапар аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты кездесулер өткізетінін хабарлаған болатын. 

Сондай-ақ, бүгін Мун Чжэ Ин Қазақстан-Корей бизнес-форумына қатысады деп жоспарланып отыр.

Бұған дейін, Корея президенті Мун Чжэ Ин Орта Азия елдеріне сапары аясында Қазақстанға келетінін жария еткен еді.
Өзгелердің жаңалығы