ТМД-ға қатысушы мемлкекеттер Бас прокурорлары кеңесінің отырысы өтті

24 Маусым 2022, 21:41
1204
Бөлісу:
ТМД-ға қатысушы мемлкекеттер Бас прокурорлары кеңесінің отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің (Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан) Бас прокурорлары Үйлестіру кеңесінің (БПҮК) 32-ші отырысының жұмысына қатысты.

Күн тәртібінде қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыруға қарсы күрес және активтерді қайтару; экстремистік, сондай-ақ өзге де құқыққа қайшы ақпаратты таратуға қарсы іс-қимыл; адам саудасына, заңсыз көші-қонға қарсы күрес және басқа да өзекті мәселелер болды.

Қазақстан Бас прокуроры өз баяндамасында қылмыстық процесте бизнесті қорғау, және де экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына және заңсыз шығарылған капиталды қайтаруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша еліміздің оң тәжірибесімен бөлісті.

Сонымен қатар Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан, Армения, Өзбекстан және Ресей Бас прокурорларымен екі жақты кездесулер өткізіліп, бұл мемлекеттермен қылмыстық-құқықтық қатынасты нығайтудың негізгі мәселелері талқыланды. 

Осыдан басқа, аталған іс-шара барысында адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мен Ресей Бас прокуратуралары арасындағы «Байқоңыр» кешені аумағындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Жалпы, кездесу қорытындысы бойынша барлық қатысушылар қылмыстың барлық түрлеріне қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.

Өзгелердің жаңалығы