Бұл туралы бүгін елордада өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанадағы жиында Сыртқы істер ведомстволарының басшылары «Достастықтың спорт астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы туралы ережені бекітті.
Құжатты әзірлеудің қажеттілігі ТМД мемлекеттерінде түрлі бағыттағы бірлескен спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу қажеттілігінің көбеюінен туындаған. Бұған сонымен қатар алғаш рет 2021 жылы Қазанда алғаш рет өткен ТМД мемлекеттері ойындарының сәтті өтуі де түрткі болыпты. Ойындар спорттық ортада үлкен резонансқа ие болып, жаңа спорттық бастамалардың дамуына ықпал еткен.
Ережеге сәйкес, Достастық елдерінің спорттық астанасы ТМД-ға мүше мемлекеттердің қалалары арасынан жыл сайын кезектесіп таңдалады. Қалаларды іріктеудің негізгі алғышарттарына дене шынықтыру мен спорт, халықаралық әріптестік бойынша азаматтық бастамалар мен ұсыныстардың, мемлекетаралық желілік кооперациялардың алғышарттарының, қажетті инфрақұрылымның болуы жатады.
2023 жылы ТМД елдері ІІ ойындарын Беларусь мемлекеті қабылдайды. Ол 4-14 тамыз аралығында өтеді деп күтілуде. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, спортшылар спорттың 21 түрінен бәсекеге түседі.