ТМД әуе шабуылынан қорғану жүйесін жетілдіруді талқылады

13 Сәуір 2022, 10:23
1916
Бөлісу:
ТМД әуе шабуылынан қорғану жүйесін жетілдіруді талқылады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ТМД елдерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің ресми сайты.

Шымкент қаласында ТМД-ға мүше елдердің Қорғаныс министрлері кеңесі жанындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс Үйлестіру Комитетінің отырысы өтті. Онда әуе шабуылына қарсы қорғаныстың біріккен жүйесін жетілдіру және әскери ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды.

ТМД әуе шабуылынан қорғану жүйесін жетілдіруді талқылады

Іс-шараға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қорғаныс министрліктерінің делегациялары қатысты. 

Сондай-ақ отырысқа ТМД Атқарушы комитетінің және Қорғаныс министрлері кеңесі хатшылығының лауазымды адамдары, қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің, ӘШҚҚ проблемаларын зерттеу және әскери кадрларды даярлау саласындағы ұйымдардың өкілдері де қатысты. 

 

ТМД әуе шабуылынан қорғану жүйесін жетілдіруді талқылады

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов бастаған Қазақстан Республикасы Қарулы күштері делегациясының құрамында Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов, Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы полковник Нұрболат Топаев және әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қайрат Садықов бар. 

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс біріккен жүйесі құрамындағы басқару органдарының және кезекші күштерінің арасында жыл сайын өткізілетін оқу-жаттығулар мен командалық-штабтық жаттығулардың нәтижелері әуе кеңістігінде мемлекеттік шекараны қорғау жүйесінің тиімді екенін дәлелдеп отыр. Сонымен қатар ӘШҚҚ біріккен жүйесі әуе-ғарыш кеңістігінен туындайтын қауіп-қатерлерге бірдей ден қою үшін оны одан әрі жетілдіруді қажет ететіні де анық, – деп атап өтті Сұлтан Қамалетдинов.

Отырыс барысында Үйлестіру Комитеті мен оның жұмыс органдарының 2021 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған тапсырмалар айқындалды. 

Қорғаныс министрліктерінің өкілдері ӘШҚҚ бірлескен жүйесінің құрамына бөлінген әскерлердің бірлескен жедел және жауынгерлік даярлық шараларын өткізуді ұйымдастыру мәселелерін талқылады. 

ТМД әуе шабуылынан қорғану жүйесін жетілдіруді талқылады

ТМД-ға мүше елдердің мемлекеттік радиолокациялық танудың бірыңғай жүйесін ұйымдастыру-техникалық жетілдірудің практикалық аспектілерін кешенді қарау отырыстың маңызды кезеңі болды. 

Одан өзге делегация басшылары әскери қызметшілердің әскери-кәсіби даярлығын жетілдіру жөніндегі шараларды өткізуде, әуе шабуылына қарсы қорғаныс өңірлік жүйелерінің құрамына бөлінген бөлімшелердің іс-қимылын үйлестіруде тәжірибе алмасты. 

Үйлестіру Комитетінің отырысында көпжақты және екіжақты әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық жүйесін жетілдіру басымдықтарын жоспарлауға ерекше назар аударылды.

Өзгелердің жаңалығы