Тізеңіз жиі қақсай ма? Дәрігер артроздың алғашқы белгілерін атады

Травматолог-ортопед артроздың негізгі белгілерін атап, ауруды ерте анықтау буынның асқынуы мен операция қажеттілігінің алдын алуға көмектесетінін түсіндірді.

 кейіпкердің жеке мұрағатынан 14 Қазан 2026, 17:39
14 Қазан 2026, 17:39
129
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Тізе немесе жамбас буындары ауырып, таңертең қозғалу қиындаса, бұл артроздың алғашқы белгілері болуы мүмкін. Ауру асқынған сайын буындар деформацияланып, жүру қиындайды. Сондықтан алғашқы белгілерге мән беріп, дер кезінде дәрігерге қаралған жөн, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының эндопротездеу бөлімшесінің меңгерушісі, травматолог-ортопед Тимур Байдалин мәлімдеді.

Артроздың алғашқы белгілері қандай?

Дәрігердің айтуынша, тізе және жамбас буындары артрозының негізгі белгілерінің бірі – буын тұсының ауыруы. Сонымен қатар буындар ісінуі мүмкін.

Тағы бір белгісі – қозғалыс басталған кездегі ауырсыну. Мысалы, адам таңертең ұйқыдан тұрған кезде жүруге қиналып, біраз уақыт қозғалғаннан кейін ғана буындары жазылғандай сезінеді. Ұзақ уақыт жұмыс орнында отырып, қайта тұрған кезде де осындай жағдай болуы мүмкін. Біраз жүрген соң ауырсыну азаюы ықтимал.

Ауру асқынған жағдайда буындардың пішіні өзгеріп, деформация пайда болады. Мәселен, тізе буындары қисайып, аяқ О тәрізді пішінге енуі мүмкін. Адам мұны айнаға қарағанда немесе жүрген кезде байқай бастайды.

Буынның сықырлауы да назар аударуды қажет ететін белгілердің бірі. Ол жүргенде, тізені бүгіп-жазғанда естілуі мүмкін. Алғашында сықырлау ауырсынумен қатар жүрмеуі мүмкін, бірақ уақыт өте келе ауырсыну қосылуы ықтимал.

Осылайша, артроздың негізгі белгілеріне буынның ауыруы, ісінуі, деформациясы және сықырлауы жатады.

Ауруды ерте анықтау не үшін маңызды?

Тимур Байдалиннің айтуынша, артрозды ерте диагностикалау аурудың үшінші-төртінші дәрежеге дейін асқынуының алдын алуға көмектеседі. Өйткені мұндай кезеңдерде науқасқа операция жасап, күрделі эндопротездер орнатуға тура келуі мүмкін.

Сондықтан буындар ауырып, жоғарыда аталған белгілер байқалса, рентгенографиядан өтіп, травматолог-ортопедке қаралу қажет.

Буынның бұзылуын баяулатуға бола ма?

Дәрігердің түсіндіруінше, тексеруден кейін маман буынның бұзылуын баяулатуға және ауырсынуды азайтуға көмектесетін дәрілік препараттар жөнінде кеңес береді. Сонымен қатар арнайы гимнастика мен емдік дене шынықтыру жаттығулары ұсынылады.

Бұл әдістерді уақытында қолдану оң нәтиже беріп, буын жағдайының одан әрі нашарлауына жол бермеуге көмектеседі.

Сондықтан тізе немесе жамбас буындарындағы ауырсынуды елемей жүре бермей, алғашқы белгілер байқалған кезде-ақ дәрігерге қаралған маңызды.

Наверх