Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тіршілік болуы мүмкін планета табылды

Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

Астрономдар тіршілік болуы мүмкін планетаны тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі NASA-ға сілтеме жасап.

Халықаралық астрономдар тобы тіршілікке қолайлы аймақта орналасуы мүмкін жаңа экзопланетаны анықтады. HD 137010 b деп аталған бұл планета Жерден шамамен 146 жарық жылына тең қашықтықта орналасқан.

Ғалымдардың мәліметінше, HD 137010 b Күнге ұқсас, жұлдызды айналып жүреді және толық бір айналымын шамамен 355 күнде жасайды. Бұл Жердегі бір жылмен шамалас. Ал көлемі жағынан ол Жерден бар-жоғы 6 пайызға ғана үлкен.

Оңтүстік Квинсленд университетінің докторы Челси Хуан планетаның өмір сүруге қолайлы аймақта болу ықтималдығы 50 пайыз екенін атап өтті. Бұл оның бетінде теориялық тұрғыдан сұйық су болуы мүмкін дегенді білдіреді.

HD 137010 b айналатын жұлдыз Күннен суығырақ әрі күңгірттеу. Осыған байланысты планетаның беткі температурасы –70 °C-тан да төмен болуы мүмкін. Бұл оның климатын Марсқа ұқсас етеді.

Ғаламшардың біздің Күн жүйемізге салыстырмалы жақындығы ашылымды ерекше маңызды етеді. Салыстыру үшін айтсақ, бұған дейін тіршілікке қолайлы аймақта орналасқан деп табылған Kepler-186f экзопланетасы төрт есе алыс әрі шамамен 20 есе күңгірт.

Алғашында ғалымдар бұл дерекке үлкен күмәнмен қараған. Челси Хуангтың айтуынша, зерттеушілер бақылаудың шынымен де «планетаның классикалық транзитіне» сәйкес келетінін растау үшін деректерді бірнеше рет қайта тексерген.

HD 137010 b транзиттік әдіс арқылы анықталды. Яғни планета өз жұлдызының дискісінен өткен сәтте жұлдыз жарығының өте әлсіз бәсеңдеуі тіркелген.

Зерттеуге қатыспаған Суинберн университетінің астрофизигі, доктор Сара Уэбб бұл зерттеуді көбірек үміт күттіретін жаңалық деп атады. Дегенмен, экзопланета мәртебесін түпкілікті растау үшін қосымша деректер қажет екенін айтты. 

Қазіргі таңда бір ғана транзит тіркелген, ал астрономияда стандарт ретінде кемінде үш тәуелсіз бақылау талап етіледі.

Уэббтің пікірінше, HD 137010 b Жерге ұқсас планета болуы мүмкін. Алайда балама нұсқа да жоқ емес: ол «суперқарлы планета», яғни суы мол, бірақ оның басым бөлігі мұз күйінде болатын ірі мұзды әлем болып шығуы ықтимал.

Планета ғарыштық өлшеммен алғанда салыстырмалы түрде бізге жақын орналасқанымен, қазіргі технологиялармен оған жақын уақытта жетуге мүмкіндік жоқ. Себебі бүгінгі ұшу жылдамдықтарымен салыстыратын болсақ, онда апаратын сапар ондаған, тіпті жүздеген мың жылға созылуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы