Ақтөбе облысында тіркелген мекенжайы бойынша тұрмайтын шетел азаматтары анықталды. 27 шетелдік жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысында тұрақты тұрып жатқан шетелдіктерге ауқымды тексеріс жүргізілді. Іс-шара барысында алты мыңнан астам азаматтың тіркеу мекенжайлары тексерілген.
Кейбір шетел азаматтары нақты тіркелген мекенжайында тұрмайтыны анықталды. Бір бөлігі ұзақ уақыт Қазақстаннан тыс жерде болған, ал басқалары басқа өңірлерге қоныс аударғанымен, деректерін уақытылы жаңартпаған. Қазіргі уақытта талаптарды сақтамаған тұлғалардың тұрақты тұруға берілген рұқсаттарын күшін жою жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, тіркеу мекенжайында тұрмайтын шетел азаматтарының нақты орналасқан жері анықталып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша мекенжайында тұрмайтын адамдарды тіркеуге жол берген алты тұрғын үй иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге, көші-қон заңнамасын бұзған 27 шетел азаматы да жауапқа тартылды, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда балаға қорлық көрсеткен оңалту орталығының қызметкері қамауға алынды.