Тимур Жантикин: Әлем жасыл экономикаға бет бұруда

21 Қазан 2022, 17:13
1549
Бөлісу:
Тимур Жантикин: Әлем жасыл экономикаға бет бұруда
Фото: Sknews.kz

«Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин көшбасшылық дәріс оқыды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Дәріске факультет студентттері, магистранттары және оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Көшбасшылық дәрістің алғысөзінде Физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен:

Еліміздің ядролық ғылымы тіректерінің бірі болып табылатын ҚазҰУ осы саладағы отандық, халықаралық байланыстарды тереңдетіп дамытуға ерекше ықыласпен қарайды. Еліміздегі жоғары дәрежеге жеткен тұлғалардың көшбасшылық дәрістерін ұйымдастыру университеттің студенттері мен жас ғалымдарына зор тәжірибе мен үлкен мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Болашақта компания мен университет және факультет арасында тығыз байланыс орнайды деп сенеміз. Ол еліміздің атом энергетикасына маман-кадрлар дайындауда үлкен мүмкіншілік береді деп үміттенеміз, - деп атап өтті.

Дәріскер атом энергетикасы, жасыл экономика бойынша тоқталды.

Бүгінде әлем жасыл экономикаға бет бұрып жатыр. Қазақстан жағдайында техникалық және экономикалық талаптарға атом энергетикасы жауап бере алады.  Атом энергетикасы белсенді дамып жатыр және қазіргі заманғы 3 және 3+ буын реакторлары екінші буын реакторларына қарағанда едәуір мықты. Мұны азаматтық авиацияның даму эволюциясымен де ұқсастыруға болады. Мысалы, кезінде алдымен шағын ұшақтар пайда болып, оларға қойылатын талап «тек ұшу еді», содан кейін үдемелі даму процесі жүрді, ұшақтар сенімдірек және үнемді бола бастады. Ал бүгінгі таңда біз үлкен де сенімді лайнерлерде қорықпай ұша алатын жағдайға жеттік. Бұл салада бізде тәжірибе де бар. Ақтауда салынған ядролық реакторды электр энергиясын өндіруге, тұрғын үйлерді жылытуға және теңіз суын тұшытуға қолданып келдік. Яғни, бұл технология біз үшін жаңа сала емес деген сөз, - деп атап өтті Тимур Жантикин.

Елімізде жаңартылған энергия көздерін арттыру бойынша талаптар бар. Сонымен қатар көміртегі мөлшерін азайту міндеттемесі де қойылған. Осы орайда мемлекет басшысы аталған мәселенің тиімді шешімінің бірі атом электр стансасын салу екенін айтты.

Біз электр энергетика саласының дамуы аясындағы атом энергетикасы, АЭС орнату аймағын таңдау, реакторлар, жобаны іске асыру схемасы мен механизмдері, кадрлар және сын-қатерлер мәселесін қарастырдық. Қытай, Корея, Ресей, АҚШ және Франциядан – 6 вендордан техникалық-коммерциялық ұсыныстар келіп түсті. АЭС салу мәселесінде Қазақстан Үкіметі ең алдымен қауіпсіздік пен экономикалық параметрлерді ескереді, одан кейін маңызды шешімдер қабылданады, - деді «Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин өзінің көшбасшылық дәрісінде.

Іс-шара барысында физика-техникалық факультетте білім алып жатқан болашақ мамандар өз тараптарынан сұрақтар жолдап, өзара пікір алмасты.

Сауал-жауап кезеңінен кейін Тимур Жантикин Теориялық және ядролық физика кафедрасының оқу үлгерімі ең жоғары көрсеткішке ие үш студентіне «Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС тарапынан бір реттік стипендия сертификатын табыстады. Мұндай қолдауға ризашылықтарын білдірген студенттер бұл марапат оларға ел болашағы үшін аянбай еңбек етуге, мықты маман болуға серпін бергенін жасырмады.

Өзгелердің жаңалығы