ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының рентгенхирургия бөлімшесінің меңгерушісі Александр Землянский ірі тіліктерсіз, науқас үшін ең төменгі қауіп-қатермен күрделі операциялар жасауға мүмкіндік беретін рентгенэндоваскулярлық хирургияның озық әдістерін меңгерген. Дәрігер BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында ең ауыр әрі стандарттан тыс жағдайларда да ем іздеген адамдар сенім артатын заманауи технологиялар және медицинаның күн сайын шынайы ғажайыптар сыйлайтын әлемі туралы сөз қозғады.
- Александр Викторович, рентгенхирургия деген не, ол дәстүрлі хирургиядан несімен ерекшеленеді?
- Рентгенхирургия – рентгендік визуализация бақылауымен, ірі тіліктерсіз емдік араласулар жасауға мүмкіндік беретін заманауи медицинаның бағыты. Классикалық хирургиядан айырмашылығы – біз тамырларды пункциялау арқылы жұмыс істейміз: ине, катетер, өткізгіштер және әртүрлі шағын, миниатюралық құралдар қолданылады. Ең басты ерекшелігі – жарақаттың аздығы. Науқасқа кең ауқымды операция қажет емес, наркоз сирек қолданылады, қалпына келу әлдеқайда жылдам өтеді, ал асқыну қаупі, әдетте, едәуір төмен болады.
- Қандай аурулар рентгенхирургиялық араласуды жиі талап етеді және неге пациенттер дәл осы әдісті таңдайды?
- Рентгенхирургия көбіне жүректің ишемиялық ауруы мен миокард инфарктінде, тамырлардың стенозы мен окклюзиясында, мидың қан айналымының жедел бұзылыстарында, ішкі ағзалардың түрлі тамырлық және тамырдан тыс патологияларында, сондай-ақ эндоваскулярлық (тамырішілік) емдеу мүмкін болатын онкологиялық ауруларда қолданылады. Пациенттер бұл әдісті тиімді ем алып, ағзаға ең аз араласумен шектелуге, өмір сапасын сақтауға және ауруханада жату мерзімін қысқартуға мүмкіндік бергені үшін таңдайды.
- Рентгенхирургия кезінде науқастың жағдайы қалай болды? Ауруханаңызда процедураны ауырсынусыз әрі қауіпсіз ететін әдістер қолданыла ма?
- Процедура барысында науқас арнайы рентген-операциялық бөлмеде болады. Әдетте араласу жергілікті жансыздандырумен, кейде медикаментозды седациямен жасалады – науқас ауырсынуды сезбейді әрі өзін жайлы күйде ұстайды. Біздің ауруханада заманауи мониторинг жүйелері, тамырларға жұмсақ қолжетімділік тәсілдері және төмен дозалы рентгендік режимдер қолданылады. Бұл, тіпті қауіп тобы жоғары пациенттер үшін де, процедураның барынша қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді. Ангиография көпшілік үшін күрделі процедура болып көрінеді. Оны қарапайым тілмен қалай түсіндіруге болады және дәрігерлерге тамырларды дәл көруге қандай технологиялар көмектеседі? Ангиография – тамырларды бейнелеу әдісі. Қарапайым айтқанда, біз арнайы контрастты зат арқылы тамырларды ішінен «жарықтандырып», экраннан нақты уақыт режимінде көреміз. Қазіргі ангиографиялық қондырғылар өте айқын бейне алуға, қан ағымын бағалауға, тіпті ең ұсақ тарылуларды анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар дәрігерге көмектесетін көптеген электронды ассистенттік бағдарламалар бар, бұл процедураны науқас үшін одан әрі қауіпсіз етеді. Жақында біздің ауруханаға түрлі бағыттағы диагностикалық және емдік процедураларды орындауға мүмкіндік беретін жаңа, заманауи жабдық орнатылды. Алдыңғы қондырғылармен салыстырғанда, жаңа ангиограф әлдеқайда анық бейне береді және жылдамырақ жұмыс істейді. Бұл дәрігерлерге тамырлардың жағдайын дәл әрі жедел бағалап, маңызды шешімдерді процедура барысында бірден қабылдауға мүмкіндік береді. Әсіресе, минуттар шешуші рөл атқаратын шұғыл жағдайларда бұл аса маңызды. Осы жаңа жабдықтың базасында клиникада эндоваскулярлық технологиялардың референс-орталығы ашылды. Мұнда жүрек-қантамыр, нейротамыр және басқа да көптеген аурулары бар науқастарды заманауи, аз инвазивті әдістермен емдеу, сондай-ақ мамандарды оқыту және озық медициналық технологияларды енгізу жоспарланып отыр.
- Рентгенхирургияның көмегімен дәстүрлі операциядан мүлде бас тартуға бола ма?
- Көп жағдайда солай болады деп айтуға болады. Рентгенхирургия ашық операцияларды толық алмастыра алмайды, бірақ бұл аз инвазивті араласулар емдеуді айтарлықтай толықтырады, ал кейде науқас үшін жалғыз баламаға айналады немесе, кем дегенде, ашық операцияның қажеттілігін едәуір уақытқа шегеруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жасы үлкен және қосымша аурулары бар адамдар үшін маңызды, өйткені оларда ашық хирургиялық араласудың қаупі жоғары, кейде тіпті өте жоғары болады.
- Соңғы жылдары рентгенхирургия әдістері қалай өзгерді, қандай технологиялар процедураларды науқас үшін қауіпсіз әрі жеңіл етті?
- Рентгенхирургия мен интервенциялық кардиология өте қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары сапалы серпіліс болды: жаңа тәсілдер қалыптасты, жаңартылған ұсынымдар енгізілді, операцияларға көрсетілімдер ауқымы кеңейді, әлдеқайда жіңішке әрі басқаруға ыңғайлы құралдар пайда болды, визуализация жүйелері жақсарды, заманауи материалдар қолданылып, науқасты артық сәулеленуден қорғау және навигация технологиялары енгізілді. Бүгінде біз 10–15 жыл бұрын мүмкін емес немесе аса қауіпті деп саналған процедураларды орындай аламыз.
- Бұл әдістердің бірегейлігін көрсететін, есіңізде ерекше қалған жағдайлар бар ма?
- Иә, мұндай жағдайлар бар. Әсіресе ауыр тамырлық зақыммен, өмірі қыл үстінде тұрған күйде түсетін пациенттер есте қалады. Қан айналымын тез қалпына келтіріп, ірі операциясыз-ақ ағзаны немесе науқастың өмірін сақтап қалу мүмкіндігі – рентгенхирургияның құндылығын айқын дәлелдейді.
- Жас дәрігерлерді қалай оқытасыз және оларға рентгенхирург мамандығы туралы ең басты қандай ойды жеткізгіңіз келеді?
- Оқыту кезең-кезеңімен жүргізіледі: теориялық дайындықтан бастап, ассистенттік жұмысқа, кейін тәжірибелі мамандардың бақылауымен біртіндеп дербес жұмыс істеуге дейін. Мен жас дәрігерлерге ең алдымен әр әрекетке жауапкершілікпен қарауды, пациентке құрмет көрсетуді және технология тек құрал екенін, ал шешімді әрдайым ойлай білетін дәрігер қабылдайтынын түсіндіруге тырысамын.
- Сұхбат соңында жеке сұрақ: рентгенхирургияға қалай келдіңіз және жұмысыңызда сізді ең қатты шабыттандыратыны не?
- Мен рентгенхирургияға университетті бітіргеннен кейін бірден, өзі де дәрігер болып табылатын ағамның шақыруымен келдім. Бұл салада клиникалық ойлау, технология және жедел, нақты нәтиже тоғысатынын көрдім. Мені ең қатты шабыттандыратыны – кеше ғана ауыр жағдайда жатқан науқастың келесі күні өзін әлдеқайда жақсы сезінуі. Бұл сенің шынымен де адамдардың өмірін дәл қазір, осы жерде өзгертіп жатқан іспен айналысып жүргеніңді ұқтырады. Сондай-ақ кәсіби жолымда әрдайым жақсы ұстаздар мен тәжірибелі тәлімгерлер жолыққанын айтпай кету мүмкін емес. Оларға шексіз алғысым бар.
- Әңгімеңізге рахмет!