Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2020 жылғы 28-30 қазан күндері онлайн режімде «Қазақ тілін үйрету: әлемдік және халықаралық тәжірибе» тақырыбында біліктілікті арттыру курсын өткізеді.
Курстың мақсаты – шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарына ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету. Аталған мақсат аясында Қазақстан аумағынан тыс жерде тұрып, қазақ тілін үйреніп және үйретіп жүрген қандастарымызға қолдау көрсету; сандық технологияның көмегімен қазақ тілін ана тілі және екінші шет тілі ретінде оңтайлы үйретудің тәжірбиесімен бөлісу; оқытудағы әдіс-тәсілдерді, әдістемелерді, технологияларды қазіргі кезең талаптарына байланысты қолдану жолдарын көрсету; қазақ тілін қашықтан оқытудың әдістемесін жетілдіру міндеттері қойылып отыр.
Біліктілікті арттыру курсында Бельгия, Ресей, Түркия, Иран, АҚШ мемлекеттеріндегі қазақ мәдени орталық мамандарына, шетелдіктерге қазақ тілін оқытудың қазақстандық тәжірибесі, тіл үйрету бағдарламалары, оқу-әдістемелік құралдар, қазақ тілін үйретудің заманауи әдіс-тәсілдері, жалпы әдістемелік мәселелер жөнінде ақпарат беріледі.
Шараға Ресейдің Мәскеу, Самара, Орск, Орынбор қалаларынан, Алтай Республикасынан, Монғолиядан, Ираннан, Португалиядан, Бельгия Корольдігінен, Испаниядан отыздан астам тыңдаушы қатыспақшы.
Курс барысында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов «Тіл үйретудің лексикалық минимумдарының қажеттілігі мен критерийлері», Людвиг Максимилиан атындағы Мюнхен университеті Таяу және Орта Шығыс институтының PhD докторы Гүлсім Масақова «Қазақ тілін онлайн оқытудағы негізгі өзекті мәселелер және әлемдік тәжірибелермен үйлесімі», Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің оқытушысы, магистр Айдар Балабеков «Қазақ тілін шет тілі ретінде оқытуда сөйлесім әрекетін ұйымдастыру», Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Раушан Мырзабекова «Шетелдіктердің тілдік деңгейін анықтауда қолданылатын тәсілдер», Haileybury Астана мектебінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы Ақниет Озатұлы «Тіл оқытудағы мультимедиа және заманауи платформалар» тақырыптарында сабақ жүргізеді.
Олар өз тәжірибелері негізінде қазақ тілінің А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша ана тілі, екінші шет тілі ретінде оқытудың әдістемелік жолдарын көрсетеді, сабақ бағдарламалары, оқу-әдістемелік құралдармен таныстырады, өзара тәжірибе алмасады.