Алматы облысында TikTok және Instagram әлеуметтік желілерінде қоғамдық әдеп нормаларын өрескел бұзатын бейнежазба жариялаған тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, тексеру барысында бейнероликтің авторы Алматы облысының 22 жастағы жұмыссыз тұрғыны Нұрсат Пшан екені анықталды.
Сот шешімімен құқық бұзушыға 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Полиция әлеуметтік желілердің көпшілікке қолжетімді ақпараттық кеңістік екенін еске салып, цифрлық ортадағы әрбір жарияланым мен пайдаланушылардың әрекеті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында бағаланатынын мәлімдеді.
Құқық қорғау органдары азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, интернет кеңістігінде мәдениетті қарым-қатынас ұстанып, заң талаптарын бұзбауға шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін де лайк пен донат үшін TikTok-та шектен шыққан тоғыз қазақстандық жауапқа тартылған болатын. Балағат, төбелес, жалған ұрлау көрінісі және хайп үшін түсірілген эфирлер назардан тыс қалмады. ІІМ цифрлық кеңістіктегі бақылауды күшейтетінін айтты.
Сондай-ақ, Семейде TikTok-та тікелей эфир жүргізген бойжеткен қамауға алынды. Ол заңға қайшы тікелей эфир өткізген.