Қазақстанның соңғы жаңалықтары

ТХКБ бойынша жүк тасымалы соңғы 5 жылда 6 есеге өсті

22 Тамыз 2025, 08:41
525
Бөлісу:
 pexels
Фото: pexels

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Жолдауын орындау аясында Үкімет халықаралық көлік бағыттарын дамытуға басымдық беруде, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) нығайту үшін әріптес елдермен күш біріктіруді тапсырған болатын. Бұл бағытта нақты нәтижелер бар.

Көлік министрлігінің дерегінше, соңғы бес жылда ТХКБ бойынша жүк тасымалы көлемі алты есеге артқан: 2020 жылы 0,8 млн тонна болса, 2024 жылы 4,5 млн тоннаға жетті. 2025 жылдың алғашқы жартысында көрсеткіш 2,3 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға жоғарылады.

Контейнерлік тасымалдардың артуына кедендік рәсімдерді автоматтандыру да ықпал етті. Егер бұрын бір пойызды рәсімдеуге үш сағатқа дейін уақыт кетсе, қазір небәрі 30 минут жеткілікті.

Жуырда Қытаймен бірлесіп Ақтау портында контейнерлік терминал іске қосылды. Сиань қаласында құрғақ порт жұмыс істеп тұр. Селятино, Свислочь және Будапешт маңында жаңа терминалдар салынып жатыр. Ал маусым айында Грузияның Поти портында Қазақстанның алғашқы мультимодалды терминалы ашылды, – деді Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.

Сонымен қатар, Транскаспий бағыты бойынша қытайлық автопойыздардың қозғалысы басталды. 2024 жылы Құрық порты арқылы 3,5 мыңға жуық жүк көлігі өткен болса, 2025 жылдың алғашқы жартысында олардың саны мыңнан асты.

Өзгелердің жаңалығы