Tesla Қытайдан тағы 1,4 млрд доллар қарыз алады

25 Желтоқсан 2019, 10:50
2222
Бөлісу:
Tesla Қытайдан тағы 1,4 млрд доллар қарыз алады
Фото: bigthink.com

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Америкалық Tesla электромобильдер өндірушісі мен қытайлық банктер тобы Tesla-ның Шанхайдағы фабрикасына бес жылдық несие беруге келісті. Несие көлемі — 1,4 млрд доллар,- деп жазады 7kun.kz.

Айта кетейік, қаражаттың бір бөлігі бұрын берілген несиені ұзарту үшін пайдаланылады.

Tesla-ға қаржылық қолдау көрсетуге келіскен банктер қатарына Қытайдың құрылыс банкі, Қытайдың ауыл шаруашылығы банкі, Қытайдың өнеркәсіптік-коммерциялық банкі және Шанхай даму банкі кіреді.

Автоөндірушінің АҚШ бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссияға берген құжаттарына сәйкес, компания қытайлық банктерге 2020 жылдың 4 наурызына дейін өтелуі тиіс 0,5 млрд доллар сомасындағы несиені толық төлеген.

Жаңа кредит бойынша мөлшерлеме Қытайда 0,9 базалық пайыздық мөлшерлемені құрайды. Мұндай шарттарды қытайлық банктер өз клиенттеріне ұсынады.

Еске сала кетейік, Шанхайдағы Tesla фабрикасының құрылысы қаңтар айында басталды, ал қазір кәсіпорын дайын өнім шығарады. Жыл соңына қарай өндіруші аптасына кемінде 1000 Model 3 седанын шығаруды жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы