Ұлыбританиядағы Сент-Джеймс ауруханасына келген ер адам террористпен бетпе-бет келіп, жарылыстың алдын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC агенттігіне сілтеме жасап.
35 жастағы Нейтан Ньюби Лидс қаласындағы Сент-Джеймс ауруханасына дәрігер қабылдауына келген кезде, ол жерден батыр атанып, Әулие Георгий медалімен марапатталатынын білмеген. Екі сағат бойы Ньюби «жеке әрекет етуші террорист» Мохаммад Фарукты аурухананы жару жоспарынан бас тартуға көндіріп, ақыры дегеніне жеткен.
Фото: Aaron Chown/PA Wire
Мен ауруханаларға барғанды ұнатпаймын. Бірақ сол күні тағдыр мені денсаулығымды түзету үшін емес, басқа мақсатпен алып келгендей болды, – деді Ньюби алғашқы сұхбатында.
Фото: Bruce Rollinson/PA
Фарук – ауруханада жұмыс істеген, кейін террорлық актіні дайындағаны үшін кінәлі деп танылып, 37 жылға бас бостандығынан айырылды.
Фото: ВВС/Counter Terrorism Policing North East
Бомба нақты қайда жасырылған?
Сол кезде кеуде инфекциясынан ем алып жүрген Ньюби таза ауа жұту үшін сыртқа шыққанын айтады. Сол жерде ол перзентхана бөлімінің жанында тұрған Фарукты байқайды. Оның жүйкесі жұқарып, жан-жағына алақтап қарап тұрғаны күдік тудырған.
Ол өзін біртүрлі ұстап тұрды. Сондықтан жағдайын сұрап, сөйлесіп, көңілін көтергім келді. Бірақ ол үнемі өзінен екі метрдей жерде жатқан сөмкеге қарай берді, – деп еске алады Ньюби.
Нейтан Фарукты сөмкені ашып, ішін көрсетуге көндірген. Сөмкенің ішінде 10 келі жарылғыш зат салынған қысым қазанына жасырылған қолдан жасалған бомба болған.
Шеффилдтегі сотта айыптаушы тарап бұл құрылғының қуаты 2013 жылы Бостон марафонында қолданылған жарылғыштан шамамен екі есе күшті болғанын мәлімдеді. Аталған теракт салдарынан үш адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алған еді.