Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қолдарына қару алып, мемлекеттік ғимараттар мен адамдардың өміріне қауіп төндірген азаматтарға заңның ең қатал баптары пайдаланылуы тиіс. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты.
Қазір барлығымызға салқынқандылық, сабыр керек. Құқық қорғау органдары өздерінің тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Видео-аудио, фото, куәгерлерден жауап алынады. Экспертиза жасалады. Бұл заңның талабы, мемлекет болғымыз келсе, заңға бағыну керек, - деп жазды депутат Facebook-тегі парақшасында.
Саиров «заң қатал, өйткені ол заң» деген қағидат бар, бірақ заңның өзі әділетті болуы тиіс екенін қоса кетті.
Әділеттілік принципі – заңның ең басты аспектісі. Осы тұрғыда, еліміздегі «қаңтар оқиғаларына», оған қатысқан азаматтарға байланысты нақты құқықтық, қоғамдық позиция болу керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «басында бейбіт шерулер болды, оны қылмыстық элементтер пайдаланып кетті» деп атап өтті. Сондықтан аталған оқиғаларға құқықтық баға бергенде террористердің, экстремистердің, тонаушылардың, жәй тәртіп бұзушылардың ара жігін ашу өте маңызды. Террористер мен экстремистерге, мемлекеттік ғимараттарға қарумен шабуыл жасаған, құқық қорғау органдарына оқ атқан шетелден келген қылмыстық элементтерге ешқандай аяу болмауы керек, - деп айтты депутат Ерлан Саиров.
Айтуынша, оларды заңның ең қатал баптарымен соттау керек. Мемлекетке қару алып қарсы шығу - қылмыстың ең жоғарғы дәрежесі.
Қарусыз тонаушыларды заң бойынша жазалау керек. Бірақ оларды террористер қатарына қосуға болмайды. Ал бейбіт митингіге шыққан, әлеуметтік, қоғамдық талап-тілектер қойған азаматтардың іс-қимылына құқықтық баға бергенде олардың қадамдарын сол кездегі эмоциялық жағдайына байланысты өте сақтықпен қарастыру қажет. Адамдардың сол кездегі эмоциялық сөздеріне психологиялық тұрғыдан қараған жөн. Ең бастысы олардың іс-қимылдарында қылмыстық элемент болмауы тиіс. «Айтаққа көнген» адамдар да көпшілік болуы ықтимал, - деп атап өтті депутат өз сөзінде.
Ерлан Саиров айтқандай, стресс кезінде, эмоциямен адамдар көптеген сөз айтып тастауы мүмкін. Олардың «шын көңілден өкіну» фактілеріне де назар аударған жөн.
Қайталап айтамын, қолдарына қару алып, мемлекеттік ғимараттар мен адамдардың өміріне қауіп төндірген азаматтарға заңның ең қатал баптары пайдаланылуы тиіс. Әділеттілік, шындық, сабыр, ыждаһаттылық принциптері елдің тыныштығын сақтауға септігін тигізері сөзсіз! – деп сөзін түйіндеді Мәжіліс депутаты.